Энгельсте өрт: украиналық дрондар Ресейдің Саратов облысындағы мұнай базасын жарып жіберді
Ресейдің Саратов облысындағы Энгельс қаласында украиналық ұшқышсыз аппараттардың шабуылынан кейін, Росрезервке қарасты «Кристалл» комбинатының мұнай базасы өртенді.
ASTRA-ның хабарлауынша, бұл – «Энгельс-2» әуебазасына арналған отындықтарды сақтау міндетін атқаратын федеральды мекеме.
Саратов облысының губернаторы Роман Бусаргин бұл ақпаратты растады.
«ҰҰА шабуылдауының салдарынан өрт болған мекемеде шұғыл штаб ашылды. Өртті сөндіру жоспары мен ахуалды мамандармен бірге талқыладық. Өрт сөндіруге күшіміз бен құралдарымыз жеткілікті. Мекемеде ТЖМ мамандары, құтқару қызметі мен басқа да салалық қызметтер жұмыс істеп жатыр», – деп жазды Роман Бусаргин.
Оның дерегіне қарағанда, өнеркәсіп мекемесі бүлінгенмен, алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Украиналық ақпарат көздерінің жазуынша, Энгельсте алғашқы жарылыс түнгі сағат 3-те болған. Росрезерв комбинатының «Кристалл» мұнай базасында қатты жарылыс болған. Содан кейін өрт басталған.
«Кристалл» мұнай сақтау орны «Энгельс-2» стратегиялық авиция аэродромынан 8 шақырым жерде орналасқан.
Онда мұнай өнімдерін сақтайтын 43 резервуар бар. Оның ішінде Ту-95 және Ту-160 бомбалаушы ұшақтарына құйылатын отындықтар да сақталады.
Мұның алдында дрондардың шабуылынан Ресейдің бірнеше әуежайы жабылғанын хабарлаған болатынбыз.