Алматыда фастфуд соңғы екі жылда 27,4%-ға дейін қымбаттаған
Елде тамақтану саласының барлық түрінде азық-түлік бағасы өскені байқалады. Әсіресе, фастфуд қымбатшылық бойынша үлкен қарқын көрсеткен. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның DATA HUB сараптамалық телеграм арнасы жазды.
Өткен айдың ішінде фастфудта бағалар 2,9%-ға өскен – бұл 2022 жылдың желтоқсанынан бергі ең жоғары қарқын. Аймақтар бойынша ең көп қымбаттау Маңғыстау облысында (10%) және Алматыда (7,7%). Төрт жылдың ішіндегі статистика бойынша, мұндай өсім екі өңірде де алғаш рет тіркеліп отыр.
Жылдық мәнде еліміз бойынша фастфуд 12,9%-ға қымбаттады. Өсімнің ең үлкен қарқыны Алматыда байқалды – жылдан-жылға бірден 27,4%-ға бір-ақ жетті.
Қоғамдық тамақтанудың басқа сегменттерінде жағдай қалай?
Желтоқсанда асханадағы түскі ас бағасы да айтарлықтай өсті (+2,6%, 2022 жылдың қарашасынан бергі рекорд). Баға ең көп өскен өңір – тағы да Алматы (+7,8%). Жылдық мәнде ҚР бойынша өсім 12%-ды, ал Алматыда 24,9%-ды құрады.
Мейрамханадағы түскі ас айдан айға 1%-ға, ал жылдан жылға 8,7%-ға өскен. Бірақ бұл жалпы ел бойынша, ал аймақтардағы жағдай әртүрлі. Мысалға, Қарағанды облысында, 2024 жыл бойы бірнеше мәрте серпіліс болғандықтан, жылдан жылға 61,6%-ға өскен.
Кофеханалардағы шәй мен кофе ел бойынша бір айда 1,1%-ға, бір жылда 6,9%-ға қымбаттаған.