Мас күйінде көлікке отырған БҚО әкімі аппараты ішкі аудит қызметінің басшысы жұмысынан кетті
Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі аудит қызметінің басшысы Ербол Найзабеков жұмысынан босатылды. Орал қаласында жол-көлік оқиғасына себепкер болған оған әкімшілік іс қозғалған.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі аппараттың лауазымды қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланғанын, одан кейін жұмысынан босатылғанын хабарлады.
2024 жылдың қазан айында Найзабеков Volkswagen-ді жүргізіп келе жатып, бағдаршамда тұрған көліктің артынан соғылды. Оның алдындағы екі автокөлікке де зардабы тиді.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша тәртіп сақшылары іс қозғады. Әлі күнге дейін тергеу жүргізіліп жатыр. Содан кейін сот процесі басталады.
Ербол Найзабеков көлікті жүргізгенде мас болғаны куәландырудан өткен кезде белгілі болды. Бұл ақпарат былтыр әлеуметтік желілерде тез тарады. Кейбір азаматтар сол кезде оның жұмыстан кетуін талап етті. Әкімдік бірден ашық ресми ақпарат берген жоқ.