Тоқмәдиева қазақстандық миллионер Балфанбаевпен таудағы курорттық жер үшін соттасып жатыр
Oi-Qaragai тау курорты орналасқан жер үшін дау-дамай көтерілді. Елеуқайша Тоқмәдиева миллионер Ерлік Балфанбаевқа тиесілі Oi-Qaragai учаскесін пайдалануды заңсыз деп тануды талап етеді. Балфанбаевтың компаниясы рейдерлік әрекет жасалып жатқанын айтып, дабыл қағуда.
2024 жылдың аяғында Елеуқайша Тоқмәдиева Алматы облысы Талғар ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мен Oi-Qaragai ЖШС-ның үстінен сотқа шағым түсірді. Соттың 2024 жылғы 8 қарашадағы ұйғарымында талапкер Тоқмәдиева жалға беру шартын жарамсыз деп тану және жер телімін босатуды сұрағаны көрсетілген.
Oi-Qaragai серіктестігі аттас демалыс орнының иелігінде (ребрендингке дейін ол «Орман ертегісі» деп аталған). ЖШС-ның құрылтайшылары ретінде төрт адам тіркелген. Олардың қатарында Ерлік Балфанбаев та бар. Ол Alina Group компаниясының негізін қалаушы және 350 миллион доллар дәулеті бар Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің бірі.
Талғар аудандық сотының судьясы Анар Кенбай талап арызды қарап, азаматтық істі қозғаудан бас тартуға негіз таппаған. Судья тараптарды 2024 жылдың 5 желтоқсанында жауап алу үшін сотқа келуге міндеттеді. Соттың аяқталғаны туралы жалпыға қолжетімді ақпарат жоқ.
Kursiv Media басылымының істің мән-жайы туралы сауалына жауап берген Oi-Qaragai ЖШС 2025 жылдың 10 қаңтарында пресс-тур барысында журналистерге егжей-тегжейлі ақпарат беретінін айтты.
«Курорт өкілдері жұмыс барысы туралы, сондай-ақ жердің бір бөлігін басып алу әрекеті туралы ресми мәлімдеме жасайды, бұл жайт іс жүзінде аймақта жаңа туристік бағыттың құрылысын бәсеңдетеді», – делінген компанияның ақпарат құралдарына арналған хабарламасында.
Елеуқайша Тоқмәдиева туралы не белгілі?
2024 жылы таратылған «КСС-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы ретінде аты-жөні бірдей әйел көрсетілген. Екінші құрылтайшысы «Каз-Строй-Стекло» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. «КСС-Инвест» басшысы кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмәди болды. 2020 жылға дейін «Каз-Строй-Стекло» компаниясының иесі болды (кейіннен компания Айымбетова-Тоқмәдидің меншігіне айналды).
Еске салайық, Мұратхан Тоқмәди Мұхтар Әбілязовтың тапсырысымен «ТұранӘлем» банкінің басшысы Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін 10,5 жылға сотталған болатын.