17 мегажоба: Үкіметтен тапсырыс алатын алпауыт компаниялар кімге тиесілі?
Үкімет басшысы Олжас Бектенов осы жылы инвестициялық 17 мегажоба іске қосу жоспарда бар екенін айтқан. Оларға бюджеттен 17 трлн теңге бөлінгелі отыр. Kursiv Media жобалардың тізімімен танысып, бюджеттен қаржы алатын компанияларды анықтап көрді.
Мемлекеттің үлесі бар компаниялар
Олжас Бектенов депутаттарға жолдаған хатта 17 мегажобамен айналысатын кәсіпорындар тізімі де көрсетілген. Олардың арасында мемлекет үлесі бар компаниялар жетерлік.
Соның бірі – Қостанай облысындағы ыстықтай брикеттелген темір өндіру зауыты. Инвестиция көлемі 1 млрд доллар, 500 жүмыс орны ашылады. 2028 жылы іске қосылуы керек. Зауыт құрылысына «ССКӨБ» АҚ арқылы ERG корпорациясы жауапты.
ERG – минералды ресурс өндіру, өңдеумен айналысатын компаниялар тобынан құралған корпорация. Активтерінің негізгі бөлігі Қазақстанда. Компания акцияларының 20,7%-ы Әлижан Ибрагимов пен Александр Машкевич (әрқайсысында) иеленеді, 18,6%-ы Патох Шодиевке, 40%-ы мемлекет үлесіне тиесілі.
Атырау облысында қатарынан үш жоба жоспарланған. Соның бірі – Атырау облысындағы бутадиен және оның туындыларын шығаратын зауыт. Инвестиция көлемі – 900 млн доллар, 750 жұмыс орнын құру көзделген. Жауапты ұйым – «Бутадиен» ЖШС. Бұл кәсіпорын – Қазақстан мен Ресейдің мұнай-газ химиясы, атап айтқанда бутадиен каучуктарын өндіру саласындағы бірлескен жобасы. Құрылтайшылары – «Самұрық Қазына» қоры мен ресейлік «Татнефть» мұнай компаниясы.
Екіншісі – полиэтилентерефталат өндіретін зауыт. Инвестиция көлемі – 1,5 млрд доллар. 2029 жылы іске қосылып, 800 жұмыс орны ашылуы керек. Жауапты – «KMG PetroChem» ЖШС. Бұл кәсіпорын толығымен «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның еншісінде. Ал «ҚазМұнайГаз» компаниясы акциясының 90%-ын «Самұрық Қазына», 10%-ын Ұлттық Банк иеленеді.
Тағы бір жоспарланған жоба – Атырау облысындағы интеграцияланған газ-химия кешені – газ сепарациялық кешеннің құрылысы бойынша жобаны іске асыруының екінші кезеңі. Бұл жобаға 9,7 млрд доллар инвестиция салынған, пайдалануға берілу мерзімі – 2029 жыл. 1000-ға жуық жұмыс орны құрылуы керек. Жауапты компания – «Силлено» ЖШС және «KMG PetroChem» ЖШС. Алғашқысы Атыраудағы кешеннің операторы ретінде бекітілген. Ол «ҚазМұнайГаз», ресейлік «Сибур» және қытайлық «Sinopec» қатысуымен пайда болған жоба.
Биыл Шымкент МӨЗ-нің 2-ші кезеңін жалғастыру да жоспарланған. Оған жауапты – «ҚазМұнайГаз» ҰК». Инвестиция көлемі – 5 млрд доллар, 1200 жұмыс орнын құрылуы керек, іске қосу мерзімі – 2030 жыл;
Сондай-ақ Маңғыстау өңірінде Аммиак және карбамид өндіретін зауыт жұмысы басталуы керек. . Бұл жобаға 1,5 млрд доллар инвестиция салынған, 2028 жылы пайдалануға берілуі керек. Жауапты ұйым – «КазАзот» . Оның негізгі үлескері Kazakhstan Petrochemicals (ҚазМұнайГаз), ал 15%-ы кәсіпкер Бахарадин Аблазимовқа тиесілі.
Отандық миллиардерлерге қарайтын жобалар
Тізімдегі ең бірінші жоба – Павлодар облысындағы металлургиялық кластер. Оған 228,5 млн доллар инвестиция салынады, 2026 жылы іске қосылуы керек. Жоба аясында 526 жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл жобаға жауапты – «Mineral Product International» ЖШС. Директоры – Шәмшиев Қайрат.
Құрылтайшысы ретінде H2Tecnologies және GRIT HUMAN CAPITAL LIMITED атты жеке компаниялар көрсетілген. Mineral Product International-дың өзі 2021 жылы құрылған. Сол үш жыл ішінде бюджетке жалпы 187 млн теңгеден аса салық төлеп үлгерген.
Келесі жоба – Қарағандыдағы Qarmet зауытын жаңғырту. Бұған 3,5 млрд доллар бөлінген, 2028 жылға дейін аяқтауы керек. Жауапты – «Qazaqstan Steel Group»
ЖШС. Бұл компания 2020 жылы құрылған, құрылтайшысы – Садамов Рашидин. Бұл ұйым қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьевке қарайды. Үндістан инвесторы кеткеннен кейін Қарағанды зауыты дәл осы кәсіпкерге бұйырған еді.
Үшінші жоба – Абай облысындағы мыс балқыту зауытының құрылысы. Бұл кәсіпорын 2028 жылға дейін іске қосылуы керек, инвестиция көлемі – 1,3 млрд доллар. 1083 жұмыс орны ашылу көзделген. Жауапты – «KAZ Minerals Smelting»/NFC» ЖШС. Бірінші кәсіпорын қазақстандағы ең бай бизнесмен Владимир Ким ең ірі акционерінің бірі болатын Kaz Minerals Manadgment-ке қарайды.
Ал «NFC Kazakhstan» ЖШС – Қытай халықаралық түсті металлургия инженерлік-құрылыс компаниясының (China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC) Қазақстандағы еншілес ұйымы.
Батыс Қазақстан облысында калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешені құрылысы да жоспар да бар. Бұл жоба 2035 жылға дейін 3 кезеңге бөлініп орындалуы керек. 4900 жұмыс орын құрылуы тиіс. Жалпы бөлінген инвестиция – 3,25 млрд доллар. Жауапты – «Qazaq Kalium Ltd» ЖК. Құрылтайшысы Qazaq Potassium Ltd және Нұрлан Артықбаев. Ол өз кезегінде Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі.
Қостанай облысындағы KIA автомобильдерін шығаратын зауыт жұмысы жоспарланған. Инвестиция көлемі – 191,5 млн доллар. 2025 жылы іске қосылып, 1500 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жауапты – «KIA Qazaqstan» ЖШС. Ал 2021 жылдан бастап Kia Motors-тың Қазақстандағы ресми дистрибьюторы Allur Motor Qazaqstan.
Үкімет жоспарына енген тағы бір ірі жоба – Қытай автомобильдерінің шығаратын мультибрендті зауыт. Бұл кәсіпорынға 387 млн доллар инвестиция қарастырылған, 3600 жұмыс орны ашылуы керек. Жауапты – «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС. Кәсіпорын «Астана Моторс» компаниясына тиесілі, оны Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша ең дәулетті 50 кәсіпкер тізіміне кіретін Нұрлан Смағұлов басқарады.
Ақтау қаласында «жылы жағажайды» кешенді дамытып, 5000 жұмыс орнын ашу үшін 292 млн доллар бөлінген. Бұл жобамен бірнеше компания қатар айналысады. Олар отандық кәсіпкер Айдын Рахимбаевқа тиесілі BI Group, отандық кәсіпкер Александр Белович негізін қалаған Bazis-A, және түріктерге қарайтын FTG Group (Sembol) Tethys Aktau компаниясы. Бұған дейін FTG Sembol Ақтауда қонақүйі салынатыны хабарланған еді.
Астанадағы көпфункционалды туристік аудан жобасына 412 млн доллар инвестиция салыну көзделген. 2000 жұмыс орны құрылып, 2026 жылы ашылу керек, Бұл жоба «Ellington Group Kaz Ltd.» компаниясына тиесілі. Бұл компания 2019 жылы тіркелген. Құрылтайшылар қатарында шетелдік инвестиция тартумен айналысатын Kazakhstan Investment Development Fund, Қаржы министрлігі және Ellington city Tourism атты жеке компания бар.
Қостанайда бидай дәнін терең өңдейтін зауыт іске қосылу жоспарланған. Ол 2027 жылы іске қосылуы қажет, жұмыс орны – 650 адамға лайықталған. Инвестиция көлемі – 149 млн доллар. Бұл жобамен «Qostanai Grain Industry» ЖШС айналысады. Кәсіпорын құрылтайшысы – Samal Invest Group. Ашық деректерде Samal Invest-тің құрылтайшылары ретінде Айдархан Сәрсембаев, Тимур Садықов және Әлихан Талғатбек көрсетілген.
Шетелдіктердің қатысы бар компаниялар
Төртінші жоба – «Ертіс» құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті
концентраттарды қайта өңдеу жөніндегі гидрометаллургиялық комбинат. Бұл кәсіпорынға 654,5 млн доллар инвестиция салынған, 2028 жылға дейін пайдалануға берілуі керек. Жұмыс орны – 500. Жауапты – Polymetal International plc.
Бұл компания – Қазақстанда алтын өндіруші ең ірі кәсіпорындардың бірі. Былтыр негізгі үлесін омандық Maaden International Investment компаниясы сатып алды (23,9%). 9,9%-ы BlackRock Inc компаниясы, 3,3%-ы Fodina B.V. кәсіпорнына, қалған 62%-ы институционалды инвесторларға тиесілі.
Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін интеграцияланған
агроөнеркәсіптік кешен. Оны катарлық Hassad Food және түріктердің Tiryaki Agro компаниясы жүзеге асырады. Кешен 2026 жылы ашылып, 400 жұмыс орны құрылуы керек. Инвестиция көлемі – 400 млн доллар.