«Қазгидромет» Алматы мен Шымкентте ауаның ластанатыны туралы ескерту жасады
10 қаңтарда Алматы, Шымкент, Балқаш және Атырау қалаларында ауа қатты ластанады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК синоптиктерінің болжамында жазылған.
«2025 жылғы 10 қаңтарда Алматы, Шымкент, Балқаш, Атырау қалаларында ауаның ластануының қолайсыз метеорологиялық жағдайлары күтілуде», – делінген хабарламада.
Қолайсыз метеожағдайға — жел, тұман, инверсия мен бұлтты ауа райы жатады. Ол жерде төмен атмосфералық ауа қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына әсер етеді. Осылайша тыныс алу қиындап, аллергиялық қоздырғыштар пайда болады.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде 2024 жылдың қараша айынан бері Алматыда ауа сапасы жақсарып, тау шыңдары көріне бастады деген ақпарат тараған. Қолданушылар бұл өзгеріске ғалым Алтай Айнабектің қатысы бар деген пікірмен бөліскен. KursivMedia ғалымның өзімен байланысып, мәселенің анық-қанығын сұраған.