Нығматуллиндердің қолына түскен өндірістің қызметкерлері үкіметтен 1,7 млрд теңге төлеуді талап етіп отыр

Жарияланды
1999 жылы жабылған бұл компанияның БСН нөмірі болмаған. Бұған қарамастан банкрот деп танылған/фото: Шадияр Өстемір

Жамбыл облысында Жаңатас пен Қаратауда фосфор шығарып, кәсіптік дертке ұшыраған мүгедектігі бар «Қаратау» ААҚ мекемесінің бұрынғы қызметкерлері үкіметтен 1 млрд 730 млн ақша өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Сөздеріне қарағанда, бұл талап – заңды. Банкроттыққа ұшыраған компания ұзақ жылдар бойы зиянды өндіріс орнында істеп, денсаулығынан айырылған азаматтарға бір жолғы жәрдемақы төлеуі тиіс.

Десе де, 1999 жылы жабылған бұл компанияның БСН нөмірі болмаған. Бұған қарамастан банкрот деп танылған. Қарт фосфоршыларды бұл жайт біржолғы жәрдемақыдан қағып отыр.

«Бір кездері Жаңатас пен Қаратауда Қазақстанның фосфор орталығы болды. Банкроттылығы 2003 жылы жабылады. Бірақ 204 адамға (оның ішінде кейін өлгені бар, мүгедек болып қалғаны бар) өтемақы төленбеген. Біз жиырма жыл бойы біздің дауысымызды ешкім естімеді. Тек қана 2019 жылы үкімет құлақ асып, жұмыс тобын құрды. Бұл жұмыс тобы әлі күнге дейін мәселемізді шешкен жоқ. Алты жылдан асты», – дейді кәсіподақ өкілі Жақсылық Айымбетов.

Оның айтуынша, 1999 жылы ең аз жалақы 2 440 теңге болды. Қазір 85 мың теңге. Сол кездегі мекемедегі орташа айлық 30 мың теңгенің төңірегінде болған. Құрылған жұмыс тобы банкроттылықты қарастырған. Бірақ оның заңды түрде тіркелмегені анықталған. Мүгедектігі бар адамдардың талабы мойындалғанмен, оларға мардымсыз ақша қосылған.

«Айына 10 мың, 25 мың, 50 мың теңге деп көрсетілген. Ең аз жалақы көлеміне жетпейді», – дейді Жақсылық Айымбетов.

Оның айтуынша, бұл қаражат жасы келген, мүгедектігі бар адамдардың дәрі-дәрмегіне де жетпейді.

Фосфоршылар 2023 жылы Президенттің Парламентте жария еткен тапсырмасын алға тартып отыр.  Қасым-Жомарт Тоқаев 7 жыл зиянды өндірісте істеген адамдарға арнайы жәрдемақы төлеуді ұсынған болатын.

«Оның көлемі – 220 мың теңге. Ал Қаратау қызметкерлері зиянды жерде 15-20 жыл істеген адамдарға мардымсыз ақша шығарып отыр. Бұл мәселемен бармаған жеріміз жоқ. Депутаттарға да, үкіметтегілерге де айтып жатырмыз. Президенттің атына да бірнеше мәрте хат жаздық. Біздің хатымыз президентке жетпейді. Бірақ бұл мәселені шешетін нақты адам жоқ», – дейді ол.  

«Қаратаудың» бұрынғы қызметкерлері компанияны заңды түрде банкрот деп жариялауды талап етіп отыр.

«Бұл азаматтардың орта жасы 68-70-ке келді. «Бұлар өледі, сонымен іс бітеді деп отыр ма? Ашынып жатқанымыз сондықтан. «Қаратауды» банкрот деп жарияладыңдар ма, онда заңды түрде тіркеңдер. Біздің заңды талабымызды мойындаңдар дедік. Сол үшін соттастық. Компанияны банкрот етіп жабу үшін алдымен тіркеуі болуы қажет. Жоқ мекемені қалай банкрот деп жариялаған?» – дейді Жақсылық Айымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, бір реттік жәрдемақыны банкрот болған компания төлеуі тиіс. Болмаса, үкімет мойнына алады.

«Қазіргі есеппен 1 млрд 730 млн ақша қарыз. Өсімімен. Бірақ олар бұл ақшаны төлегісі келмейді. Қазір 204 адамнан 29 адам ғана тірі қалды. Қалғандарының бәрі қайтыс болып кетті», – деді  өкіл.

Басты талаптары – үкімет банкроттықты заңды түрде тіркеуі. Сонда талаптары мойындалып, сот бекітіп берсе, Астананың Есіл сотына жүгінбек.

«Сот бұл қаражатты үкіметтен өндіріп беруі қажет. Жұмыс тобы да біздің талабымызды орындау үшін құрылды. Бірақ ақшаға келгенде заңды бұзып жатыр. Бұл өтемақы төленбей, банкрот деп жаппауы қажет еді», – дейді Жақсылық Айымбетов.

Қарт фосфоршылар заң бойынша тиесілі ақысын даулап Астанаға жаяу баруға да әрекет жасаған. Десе де, жергілікті билік уәдені үйіп-төгіп, райынан қайтарған. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже шықпай отыр.

Бұл мәселенің егжей-тегжейі бойынша KursivMedia Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолдады.

Айта кететін жайт, қазір мекемеге «Қазфосфат» ЖШС-ға тиесілі. Алайда жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Қаратаудың» мұрагері болып табылмайды. «Қазфосфат» – Нығматуллиндер әулетіне тиесілі. Нұрлан Нығматуллиннің ұлы Нұрхан Нұрланов компанияның жетекшісі болды.

Нұрлан Нығматуллиннің қаңтар оқиғасынан кейін – 2022 жылы 1 ақпанда мәжіліс спикері қызметінен кетті. Ол бір кездері президент әкімшілігін басқарып, Қарағанды облысының әкімі қызметінде атқарды.

Сондай-ақ оқыңыз