Үкімет олигархтардан қайтарған 1,1 млрд теңгеге Алматы облысында спорт кешенін салады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Үкімет Алматы облысында спорт кешенін салуға 1,1 млрд теңге бөлді / Фото: gov.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Үкімет Алматы облысында спорт кешенін салу үшін заңсыз иемделіп, мемлекетке қайтарылған активтерден 1,1 млрд теңге бөлді.

Ақпаратқа сүйенсек, Кеген ауданының Жалағаш ауылында салынатын спорт кешенінде бокс, күрес және басқа да спорт түрлерімен айналысуға болады.

2025 жылғы жоспарға сәйкес, Үкімет 113 жаңа спорттық нысан салуды және жұмыс істеп тұрған 26 спорт мекемесін қайта жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Бұл спорттық инфрақұрылымды дамыту жобасы аясында іске асырылады.

Заңсыз иемделіп, мемлекетке қайтарылған қаржы Арнаулы мемлекеттік қорға түсіріліп отырады. Соңғы екі жылда Үкімет осы қор есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға 50,6 млрд теңге жұмсап үлгерген. 

Олардың ішінде Петропавл қаласында балабақша, Атырау облысы мен Ұлытау облысында мектеп, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін салуға, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау жобалары бар.

Сондай-ақ оқыңыз