Туу туралы куәлікті енді ХҚКО-ға бармай-ақ қалай алуға болады?
Қазақстанда азаматтарға туу туралы куәлікті жеткізу бойынша жаңа пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылы Әділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп, туу туралы куәлікті Kaspi Bank постаматтары арқылы жеткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл азаматтарға ХҚКО-ға бармай-ақ куәлік алуға мүмкіндік береді.
Үкіметтің мәліметінше, жоба аясында РАХ (АХАТ) органдары берген электрондық құжаттарға, соның ішінде туу, өлім, неке қию және ажырасу туралы куәліктер мен анықтамаларға электрондық апостиль қою қызметі де өзгереді. Бұл жаңашылдық азаматтарға көрсетілген құжаттарды алып, бір өтініш аясында апостиль қоюға мүмкіндік береді. Аталған қызмет 2025 жылдың төртінші тоқсанында қолжетімді болады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, 2025 жылы Әділет министрлігі нотариалдық қызмет көрсету саласында жаңа пилоттық жобаны іске қоспақ. Жоба аясында:
- Қарыз алушының жеке кабинеті арқылы қарсылық білдіру мүмкіндігін қарастыру;
- Нотариустың орындау жазбасын тек борышкердің (жеке немесе заңды тұлғаның) тіркелген мекенжайы бойынша жасау талаптары енгізіледі.
Бұл шаралар азаматтарға заңдық қызметтерді алуды жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге бағытталған. Жобалар іске қосылғаннан кейін халыққа мемлекеттік қызметтерді қолжетімді және ыңғайлы ету көзделіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2025 жылдан бастап елімізде медициналық анықтаманың 8 түрі қағаз жүзінде талап етілмейтіні туралы жазған едік.