Қонаев қаласында 16 қаңтарда Тоқмәдиді мерзімінен бұрын босату жөнінде сот процесі өтеді
Банкир Ержан Тәтішевті тапсырыспен өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан Мұхтархан Тоқмәди жаза мерзімін қысқартуды сұрап, сотқа қайта жүгінген. Қонаев қаласында 16 қаңтарда процесс белгіленіп отыр. Тәтішевтер отбасы «тапсырыспен кісі өлтіргендердің жазасы жеңіл болмауы тиіс» деп есептейді. Бұл туралы адвокат Анна Чернова әлеуметтік желі арқылы хабарлады.
«Оның өтінішінен түсінгеніміз, бұл жолы «оны прокуратура алдапты» және ол «өзін алданған адам ретінде сезініп» отырғанға ұқсайды. Әрине, өз ұстанымын құруға оның құқығы бар. Бірақ қолдағы құжаттарға сүйене отырып, прокуратураның процессуальды келісімнің барлық талаптарын орындағанын айтуға болады», – дейді адвокат.
Анна Чернованың айтуынша, тапсырыспен кісі өлтіру үшін оған 10 жылға бас бостандығынан айыру түрінде ең жеңіл жаза кесілген. Кейіннен бұл мерзімде қысқартылған.
«Енді қайда қысқартпақ!? Біздің ойымызшша, қасақана кісі өлтіру туралы істе жеңіл үкім мүлде болмауы тиіс», – деп жазды Анна Чернова.
Айта кететін жайт, былтыр Қонаев соты Мұқтархан Тоқмәдиді мерзімімен бұрын бостандыққа шығару туралы шешім шығарған болатын. 23 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында Алматы облыстық сотында бұл шешімге қарсы жәбірленуші тараптың аппелляциялық шағымы қаралды. Алматы облыстық соты сотталушының «түзелгеніне күдік келтіріп», Қонаев соты шешімінің күшін жойған еді.
Сот процесі басталар кезде осы қылмыстық іске қатысты Ержан Тәтішевтің бауыры Еркін Тәтішев және ФТБ-ның бұрынғы директоры Луи Фри баспасөз мәслихаты өткізіп, Тоқмадидің мерзімінен бұрын босатылуына наразылықтарын білдірген.
Тоқмади отбасы қоғамға үндеу жасап, мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу мәселесі заң аясында жүзеге асып жатқанын алға тартты.
«Мұратхан Тоқмәди, кез-келген Қазақстан азаматы секілді, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға құқылы», – деген еді Тоқмадидің туыстары.
2004 жылы 19 желтоқсанда сол кездегі «ТұранӘлем» банкінің 38 жастағы төрағасы Ержан Тәтішев аңшылықта жүрген жерінде кісі қолынан қайтыс болған еді.