Атырау мұнай зауыты 30 тонна жанармай төгілген жердің қайта қалпына келтірілгенін хабарлады
Атырау мұнай өңдеу зауытында жанармайды қуа айдайтын жер асты құбырындағы ақаудың кесірінен мұнай өнімі төгілген жер телімі қайта қалпына келтірілген. Құбыр толық жөнделген. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кететін жайт, 12 қаңтарда, алдын ала мәлімет бойынша, бұл зауытта құбырдағы ақаудың салдарынан 20-30 тоннадай жанармай төгілген еді. Мамандар дереу құбырды резервуардан ажыратқан.
Десе де, зауыт басшылығы төгілген мұнай өнімін арнайы құралдармен сорып алып, қайта өңдеуге жібергендерін, ешқандай зиян келмегенін айтып отыр.
«Атырау мұнай өңдейтін зауыт» ЖШС бас директорының өндіріс бойынша орынбасарының міндетін атқарушы, бас инженер Нұрлан Есжанов жер астында жатқан құбырдың жөнделіп жатқанын мәлімдеген еді.
Оның сөзіне қарағанда, бұл оқиғаға байланысты ақаудың себеп-салдарын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылған. Оқиға орнына тиісті мемлекеттік құрылымдардың өкілдері жеткен.
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметінің хабарлауынша, өндіріс орны қазір Энергетика министрлігі бекіткен өндіріс жоспары бойынша қалыпты жұмыс істеуде.