Өңірлерде жан басына шаққандағы бюджет шығыны әралуан: оның салдары қандай?

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қазақстанның өңірлері республикалық бюджеттен берілетін трансферттерге тәуелді. Бұл, әсіресе, экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлерге тән. 2025  жылы республикалық бюджеттен облыстарға және республикалық маңызы бар қалаға берiлетiн субвенциялардың көлемі 5,8 трлн теңге сомасында бекітілген.

Атырау облысы мен Астана және Алматы қалаларынан басқа өңірлер орталыққа мұқтаж. Яғни 17 өңір республикалық бюджеттен субвенция алады. 

Орталыққа мұқтаждық: Түркістан облысы қажет қаржының 82%-ын республикалық бюджетте алады

Түркістан облысы – өзін салық түсімдерімен қамтамасыз ете алмайтын өңірлердің бірі. 2025 жылы өңірге қажет қаржының 82%-ын республикалық бюджет береді. Тек қалған 18%-ын ғана өзі тауып отыр. Осындай өңірлердің саны көп болғанымен, субвенция және орталық бюджетке мұқтаждық үлесі де әрқалай.

Мемлекеттік бюджеттің бір бөлігі әлеуметтік бағдарламаларды, инфрақұрылымды және аграрлық дамуды қаржыландыру үшін өңірлерге бөлінеді.

Жан басына шаққандағы бюджет айырмашылығы 2 еседен асады

Қазақстанның өңірлері арасындағы жан басына шаққандағы бюджет шығындарының айырмашылығы әртүрлі. Бұл – өңірлердің экономикалық жағдайына, халық санына, инфрақұрылымына және республикалық бюджеттен алынатын трансферттерге байланысты. Төменде 2025 жылға бекітілген өңірлердегі жан басына шаққандағы бюджет шығындарының негізгі тенденциялары берілген:

Айта кетейік, осы жылға арналған жергілікті бюджеттің  кейбір өңірде көлемі айтарлықтай болғанымен, жан басына шаққанда мән өзгереді.

Мәселен Алматы қаласының бюджеті өзге өңірлермен салыстырғанда 5-6 есе көп болғанымен, жан басына шаққанда үлкен айырмашылық байқалмайды. 2025 жылдың бюджет шығыны бойынша 1,4 трлн теңгемен Түркістан облысы екінші орында тұрғанымен, халық тығыз қоныстанған. Сәйкесінше жан басына шаққандағы шығындар айтарлықтай төмен.

Өңірлердегі теңсіздік неге алып келуі мүмкін және оны қалай шешуге болады?

Көптеген өңірдегі жергілікті бюджеттің жан басына шаққандағы шығысы бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда айырмашылықтың жоғары болуы ішкі миграцияның артуына әкеп соғады. Бұл үлкен қалаларға, әсіресе, Астана және Алматы қалаларының инфрақұрылымына  айтырлықтай салмай салып отыр.

Сондай-ақ өңірлердегі еңбек күшінің ірі қалаларға ағылуына ықпал етіп, жергілікті жерлерде кадр тапшылығын тудыруы мүмкін. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы әркелкі болуы және жалақы, тұрмыс, білім сапасының өзге өңірлермен салыстырғанда төмен болуына да ықпал ететіні сөзсіз.

Қазақстан өңірлері арасындағы жан басына шаққандағы бюджет теңсіздігін шешу үшін кешенді, жүйелі және ұзақмерзімді шаралар қажет. Атап айтқанда өңірлер арасындағы экономикалық және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған шаралар жүргізілуі керек.

Мысалы:

– Экономикалық әртараптандыру;

– Республикалық трансферттер саясатын жетілдіру;

-Инфрақұрылымды теңестіру;

-Бюджет дербестігін арттыру;

– Адам капиталы мен өңіраралық ынтымақтастықты арттыру арқылы кешенді шаралар теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.

Дегенмен, мұндай шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың, жеке сектордың және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы қажет.

Сондай-ақ оқыңыз