Шетелдік маркетплейстерді Қазақстанда тіркелуге міндеттейміз — Сауда министрі
Енді шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндетті болады. Өйткені тұтынушылар тарапынан оларға қатысты шағымдар соңғы уақытта жиілеген. Бұл жайында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Ведомство басшысы, шетелдік маркетплейстер мен сатушылар Қазақстаннан тыс жерде орналасқандықтан, осындай мәселе туындап отырғанын айтады. Өз құқықтарын толық қорғай алмайтын тұтынушылар үшін қауіп-қатер тудырады деп есептейді.
«Елдер арасындағы қашықтық үлкен болғандықтан, тауарларды қайтару немесе айырбастау талаптарын орындау мүмкін бола бермейді. Сонымен қатар шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған тауарлар сертификаттау рәсімінен өтпейді, бұл өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қауіп төндіреді»,- деп мәлімдеді министр Үкімет отырысында.
Осыған орай, Шаққалиев шетелдік маркетплейстерді тіркеу бойынша электрондық платформаны енгізуді ұсынды. Бұдан басқа, олар үшін тауарлардың қауіпсіздігі, контрафактіге қарсы күрес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау, салықтық және кедендік ашықтық жөніндегі талаптарды сақтау мақсатында міндетті шарттарды енгізу де жоспарлануда. Министр азаматтардан шағым көбейгендіктен, осындай қадамға баруға мәжбүрміз деп отыр.
Министрдің айтуынша, белсенді онлайн-компаниялар бөлшек саудадағы барлық кәсіпорындардың 12,6%-ын құрап отыр. Ал бөлшек сауда секторында салық түсімдерінің 60%-ын қамтамасыз етеді.
«Елімізде бөлшек саудамен айналысатын 505 мың офлайн компания 3 жыл ішінде 240 миллиард теңге салық төлеген. Ал онлайн саудамен айналысатын 73 мың компания 360 миллиард теңге салық төледі. Бұған қоса отандық маркетплейстер 135,2 миллиард теңге салық төлеген»,- деді министр.
Айта кетейік, 2024 жылдың басынан бері қазақстандықтар Сауда министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне және оның аумақтық департаменттеріне 56,3 мың өтініш жіберген. Оның 21,7 мыңы (38,6%) – онлайн-бөлшек саудаға қатысты шағымдар. Шағымдардың негізгі себебі – саудагерлердің тауарларды айырбастау немесе ақшаны қайтарудан бас тартуы болған. 11 ай ішінде құқықтары бұзылған тұтынушыларға 1,7 млрд теңге қайтарылған.