АҚШ санкцияларынан кейін, Ресей мұнайын тиеген 65 танкер тұрып қалды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Reuters

АҚШ 10 қаңтарда жаңа санкциялар пакетін жариялағаннан кейін, кем дегенде 65 ресейлік мұнай тиеген танкер Қытай, Сингапур және Ресей жағалауында қалып қойды. Бұл туралы Reuters кеме қозғалысын бақылау деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Қайда тұрып қалды

Агенттіктің мәліметінше, бес танкер Қытай жағалауында, тағы жеті танкер Сингапур маңында, ал қалғандары Балтық теңізі мен Қиыр Шығыста тұрып қалған. Бұл тізімге Иран порттарында және Суэц каналы маңында тұрған 25 мұнай танкері кіреді.

13 қаңтарда Қытай жағалауынан шығысқа қарай орналасқан суларда 2 миллионнан астам баррель мұнай тиеген ресейлік үш танкердің тоқтап тұрғаны хабарланған. Бұл Шаньдун провинциясындағы порттарды басқарушы компанияның санкцияға ұшыраған танкерлерді қабылдауға тыйым салуынан кейін болған деп хабарлаған Bloomberg.

Үндістанның талабы

Агенттік деректеріне сәйкес, ресейлік мұнайдың тағы бір ірі сатып алушысы – Үндістан да санкцияға ұшыраған танкерлерді қабылдаудан бас тартады. Алайда 10 қаңтарға дейін жалға алынған және 12 наурызға дейін түсірілетін танкерлерге ерекше жағдай қарастырылмақ. Сонымен қатар үнді банктері мұнайдың шыққан жерін растайтын сертификаттар талап етіп, оның санкцияға ұшыраған жеткізушілерден алынбағанын тексеретін болады.

Санкция

10 қаңтарда АҚШ Ресейдегі ең ірі екі мұнай экспорттаушысы – «Газпром нефть» пен «Сургутнефтегазға» блоктаушы санкциялар енгізген. Осы компаниялармен, сондай-ақ ондаған басқа ұйымдармен доллар немесе америкалық қаржы жүйесі арқылы қарым-қатынас жасауға тыйым салынды. Сонымен қатар Ресейдің ірі кеме тасымалдаушы компаниясы «Совкомфлот» та санкцияға ілікті. Одан бөлек батыс елдерінің санкцияларын бұза отырып, ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдады деп күдікке ілінген әртүрлі елдердің тулары бар 183 танкер де шектеулер тізіміне енгізілді.

Сондай-ақ оқыңыз