Беларусьтен халал шұжық: Беларусьтің жаңа елшісі Қазақстан нарығын жаулап алуға уәде берді
Қазақстанға Беларусьтен халал шұжықтар қаптауы мүмкін. Беларусь Қазақстанға шығаратын экспортын 1 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Беларусьтің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып жаңа тағайындалған Алексей Богданов мәлімдеді.
Пул первого жариялаған бейнежазбаға қарағанда, тағайындаудан кейін Беларусь президенті Александр Лукашенко елші Алексей Богдановты біршама тергеп алған көрінеді.
«Сен өз еркіңмен бара жатсың ба? Әлде, Қазақстанға бар деп сені біреу күштеді ме?», – деп сұрады Лукашенко.
Алексей Богданов ешкімнің күштемегенін, саналы түрде шешім қабылдағанын айтып ақталды.
«Сіздің сенімізді ақтағым келеді», – деді жаңа елші.
«Қазақтармен, әрине, бәрімен де (қатынаста – ред) бастысы экономика. Сауда-экономикалық қатынас. Ең алдымен немен айналыспақшысың?» – деп сұрады Лукашенко.
Лукашенконың мысы басты ма, әлде жаңа қызметке тағайындалғанына толқыды ма, әйтеуір, елші алдын ала жаттап алған мәтінді үтір-нүктесіне тоқтамай, сыдыртып айтып шыққан оқушыдай әсер қалдырды.
«Жолдас президент, алдыма мақсат қойып отырмын. Әрине, бұл – тауар айналысын арттыру. Беларусь экспортын 1 млрд АҚШ долларынан асыру. 2021 жылы біздің тауар айналымымыз 1 млрд-тық межеге жеткен болатын. Бүгін 1,1 млрд шамасында. Бірақ экспортымыз 800-900 млрд шамасында тұрақтап қалды», – деді Алексей Богданов.
«Мұны қалай атқармақшысың?», – деп қайыра сұрады Лукашенко.
Жаңа елші қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатқан беларусь бизнесін жандандыруды ұсынды.
«Өткен жолы сіз бірлескен өндірістер туралы айтқан едіңіз. Олар – «Гомсельмаш» – трактор зауыты. Ол жақта біздің құрастыратын өндірісіміз бар. Бірақ көпшілікті ынталандыру қажет. МогилевЛифтМаш БобруйскАгроМаш бар. Осылармен айналасамыз. Бұдан басқа беларусь азық-түліктері бар. Біздің жеткізілімдерімізді арттыруымыз қажет», – деді елші.
Алексей Богданов жексенбі күні «Гродненский мясокомбинат» директорымен сөйлескенін айтты. Оның айтуынша, бұл комбинат арнайы халал өнімдер алаңын ашып жатыр. Халал шұжығын шығармақ.
«Біз келістік. Бұл Қазақстанға тауар жеткізетін ең ірі диллер. Оның беларусь тауарын сататын үлкен фирмалық желісі бар. Халал өнімдерді жеткізуді арттыру онымен жұмыс істейтін боламыз. Халал өнімдерді бүкіл әлемге тарату туралы сөз қозғадық», – деді Алексей Богданов.
Әрине, бұдан басқа, саясат, мәдениет, спорт мәселелері бар. Елші Лукашенконың тапсырмаларын орындай отырып, барлық бағыт бойынша жұмыс істемек.
Мұның алдында Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының сарапшысы Роза Тұрарбекова Беларусьтің Ресейге тым тәуелділігі оның егемендігін жоғалтып алуына дейін әкелуі мүмкін екенін болжаған болатын.