Жамбылда 8-сынып оқушысын ұрып өлтірген үш жасөспірім сотталды
Жамбыл облысында кәмелеттік жасқа толмаған баланы ұрып өлтірген үш жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылында болған. Сотталған балалар мектеп әжетханасында 8-сынып оқушыларын жинап, оларды ұрып-соққан. Кеуде тұсынан соққы алған жасөспірімдердің бірі оқиға орнында қаза тапқан.
Сот үш күдіктіге байланысты істі қарап, үкім шығарды. Үш күдіктінің біреуі бұзақылық әрекеті үшін 1 жылға бас бостандығы шектелді. Қалған екі жасөспірім денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, ол адам өліміне алып келгендіктен 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленуші тарап сотталған екі жасөспірімнің отбасынан өтемақы талап етіп, олардың біреуі 6 млн, біреуі 5 млн теңге төлеуге міндеттелді.