Қазақстанда жемқорлардың жария тізімі пайда болуы мүмкін. Мәжілісте заң нормалары талқыланып жатыр
Жемқорлардың жария тізімі пайда болып, пара беруге уәде бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл нормалар Мәжілісте бірінші оқылымда талқыланды.
«Пара беруді, пара ұсынуды, оны уәде етуді қылмыс деп тану бойынша түзетулерді пысықтау барысында алыс және жақын шет елдердің халықаралық тәжірибесі мұқият зерделенді», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Сарқұловтың айтуынша, Қылмыстық кодекске пара ұсынуды, оны беруге уәде етуді криминализациялау 16 жылдан бері күн тәртібінде тұр. Сонымен бірге 2008 жылдың мамыр айында Қазақстан ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында параны уәде етуді, ұсынуды қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде тану ұсынылған.
Мәселен, Экономикалық Ынтымақтастық пен Даму Ұйымының Ыстамбұл іс-қимыл жоспарының 5-кезеңінде Қазақстанға пара ұсынғаны және оны уәде еткені үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу туралы тағы да ұсыныс түскен. Осыны ескере келе, агенттік аталмыш нормаларды енгізу туралы шешім қабылдаған.
«Пара туралы уағдаластықты аяқталған қылмыс деп тану айқын профилактикалық әсерге ие болады. Бұл мемлекетке зиян келтіргенге дейін парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – дейді Сарқұлов.
Ал Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру көзделіп отыр. Онда ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылады. Бұл тізілім соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде жарияланады.