Еділ Жаңбыршин жемқорлық туралы заң жобасының еуропалық стандартқа сай әзірленгеніне қарсы шықты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Депутат жемқорлықпен күресті құқық қорғау органдарынан бастауды ұсынды / Фото: kursiv.media архиві

Депутат Еділ Жаңбыршинге жемқорлықты тыятын заң жобасының еуропалық стандартқа сүйеніп әзірленгені жақпай қалды. Еуропалық стандартты енгізбес бұрын, қазақстандық азаматтардың психологиясы, салт-санасы әбден зерттелуі керек деп санайды.

«Еуропалық стандарт деп біз ЛГБТ-ны құтыртып қойдық Қазақстанда. Doing бизнес деп  құрылыстың бәрін бетімен жібердік. Енді келіп Еуропалық стандарт пара алуға уәде берсе соны апарып кіргізу керек, сосын барып ұстауымыз керек дейсіздер. Жалпы осы Еуропалық стандарт пен модельді енгізерде, Қазақстанның, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін зерттедіңіздер ме? Біздің психологиямызды…  Біз унитарлық мемлекет болғанымызбен, ерекшеліктер бар ғой әр өңірдің. Еуропалық институттар  талап етіп жатыр деп кіргізе салу болмайды деп есептеймін»,- деді мәжілісмен.

Жаңбыршиннің бұл уәжіне жауап берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов қазақтың салт-дәстүрін құрметтейтінін, дегенмен жемқорлықтың жалпы стандарттарын енгізу маңызды болып отырғанын атап өтті.

Жаңбыршин сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері пара алу мәселесінде осалдық танытатынын айтады.

«Айтылып жатқан әңгіменің барлығы жемқорлықты азайту. Ең бірінші жемқорлықты сол құқық қорғау органдары өздерінен бастауы керек деп есептеймін. Бірінші өздеріңді тазалап алыңдар, өздерің дұрыс жұмыс істеңдер, өздерің параға итермелемеңдер, сол кезде бәрі нормально болады»,- деді депутат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов депутаттың «өздеріңді тазалап алыңдар» деген сынымен келіседі. Тіпті  пара алу күдігіне Антикор қызметкерлері іліксе, олар да жазадан құтылмайды деп сендірді.  

«Өзіміздің құқық қорғау органдарына қатысты айтқаныңызға толығымен келісемін.  Тек, таза қызметкерлер жұмыс істеу керек. Сонымен айналысатын арнайы басқармалар бар. Қандай мәлімет шықса да, тіпті өздерінен шықса да, бізге мәлімет  беруі керек. Біз тексеретін боламыз. Басқа да органдарда солай деп ойлаймын. Бізге бермесеңіз, нормаға сәйкес  басқа органдарға беруге болады. Олар айналыссын, біздің қызметкерлермен. Онымен  толығымен келісемін»,- деп жауап берді  Антикор өкілі.

Айта кетейік, бүгін, 15 қаңтарда, Парламент Мәжілісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

Сондай-ақ оқыңыз