KASE: Микроқаржы ұйымдары мен шағын бизнес қор нарығы арқылы қаржы тартуды көбейтті
Қазақстан қор биржасындағы сауда көлемі ұлғайып жатыр. Бүгін «Қазақстан қор биржасы» АҚ-ның басқарма төрағасы Алина Алдамберген журналистермен кездесіп, жыл қорытындысы бойынша есеп берді.
Алдамбергеннің сөзінше, 2024 жылдың соңында нарықтағы құнды қағаздар саудасының көлемі 12,9 трлн теңгені құраған. Оның ішінде нарыққа бірінші рет акция шығару көлемі 38%-ға көбейіп, 9,8 трлн теңге болды. Ал қайталама нарықтағы корпоративтік облигация саудасы 32%-ға артып, 876,9 млрд теңгені құрады.
Өткен жылы KASE индексі 5,6 мың пункттен асып, тарихи көрсеткішті жаңартты. Биржа индексінде үлесі жоғары компаниялар тізімінде Банк ЦентрКредит, Халық Банкі және Кселл бар. Сондай-ақ ҚазМұнайГаз, Kaspi.kz, Қазатомөнеркәсіп, ҚазтрансОйл және Air Astana-ның құнды қағаздарының да үлесі көп.
Жыл қорытындысы бойынша, жеке инвесторлар арасында ең танымал акциялардың топ бестігіне Forte bank, Қазақстан Халық Банкі, Air Astana, KEGOC және ҚазТрансОйл бар.
Нарықтағы жаңа ойыншылар көбейді
Қор биржасында саны артып жатқан ойыншылардың бірі – микроқаржы ұйымдары (МҚҰ). 2024 жылы нарықта 13 ұйым құнды қағаздарын шығарса, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы тізім бойынша 31 ұйым акцияларын саудалаған.
Өткен жылы акцияларын алғаш рет биржаға шығарған МҚҰ-ның сауда көлемі 52,7 млрд теңгені құрады. Ал екінші нарықтағы сауда көлемі 147,0 млрд теңгеге жетті.
Қазір «Қазақстан қор биржасында» Birinshi Lombard, аФинанс, ЭКО-Финанс, R-Finance, ФинТехЛаб, KMF тәрізді микроқаржы ұйымдары қатысып жатыр.
Биржадағы белсенділігін көбейткен тағы бір ойыншылар – шағын және орта бизнес иелері. Былтыр газ, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік нысандар биржаға құнды қағаздарын шығарған. Олар саудалаған акция көлемі 19,6 млрд теңгеге жетті.
«Бұл сектор әлі өсе түседі. Компания неғұрлым іріленіп, капиталын қаржыландырудың түрлі көздерін пайдалануға мүмкіндігі болған сайын және компания жайлы ақпаратты бөлісуге дайын болғанда нарыққа көбірек шығады. Статистикада көрсеткендей, ондай компаниялардың ұлғайғанын байқап отырмыз», – дейді қор биржасы басқармасының төрағасы Алина Алдамберген.
«Қор биржасына шығудың да қиындығы бар»
Дегенмен жеке сектордағы барлық компаниялар биржаға құнды қағаздарын шығаруға дайын емес екенін айтады. Себебі қор нарығына шығудың да өзіндік қиындығы бар.
«Ұжымдық басқару, ақпаратты ашық беру, корпоративтік оқиғалар бойынша ашық ақпарат ұсыну, инвесторлармен байланысуға дайын болу деген дүниелер бар. Өздеріңіз байқағандай, түрлі компаниялар Эмитент күнін өткізеді. Әр тоқсан сайын келіп, компанияларында не болып жатқанын, қаржы есебі, қандай жобалар жайлы ашық айтады. Ол жеке немесе институтционалды инвесторлармен байланыс орнату үшін қажет, соған дайын болу керек», – дейді ол.
Қазақстанда үлкен бизнестердің бірнеше шағын кәсіпкерлікке бөліну деген тәжірибесі де белгілі бір қиындық туғызатынын айтады. Себебі ондай шоғырланған компаниялардың есебін беру күрделірек.
«Бірақ қазір көптеген компаниялар ашық есеп беруге дайын екенін байқап отырмыз. Дайындалып, нарыққа шығады. Жеке сектор облигациялар нарығы – бұл да (биржаға құнды қағаздар шығару – ред.) қаржыландыру көзі екенін түсіну керек. Ол банк секторынан алуға болатын қаржыландыруға болама болады», – дейді қор биржасының өкілі.
KASE – мемлекеттік, корпоративтік құнды қағаздар, халықаралық қаржы институтының облигациялары, шетелдік валюта саудаланатын алаң. Қазақстан қор биржасы – ТМД биржалары арасында сауда көлемі жағынан екінші орын алады, ал FEAS биржалары ішінде акциялар нарығының капиталы бойынша бесінші орынға ие.