ДСМ Қазақстанда қанша ағза ауыстыру бойынша ота жасалғанын жариялады
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2012 жылдан бері трансплантация бағдарламасы бойынша 2 800 донорлық органды ауыстыру отасы жасалған. Оның 84 пайызы, яғни 2 353 отаға тірі донордың мүшесі алынған. Қаза болған адамдардың органынан алынып, 447 ота жасалған. Бұл – жалпы жасалған отаның 16 пайызы.
Тарқатып айтсақ, 2 078 бүйрек, 451 бауыр, 98 жүрек, 22 өкпе, 2 ұйқы безі, 59 қасаң қабақ алмастырылған.
Қазіргі кезде Қазақстанда 4 113 адам ішкі құрылыс мүшесін ауыстыру үшін кезекте тұр. Оның 95-і – балалар. 3 672 адам бүйрегін, 184 адам бауырын және 138 адам жүрегін ауыстырмақ.
«Органдардың трансплантациясы – медициналық процедура ғана емес, көп адамдар үшін жаңа өмір бастаудың мүмкіндігі. Ағза ауыстыру – жоғары дәрежедегі медициналық жұмыс қана емес, мейірімділік пен өзара көмек», – делінген ДСМ хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі адам өмірін сақтау үшін донор болуға шақырып отыр. Министрліктің пікірінше, дәрігерлер мен донорлардың арқасында адам өмірін сақталып, болашаққа үміт сыйлайды. Тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемелерден кеңес алуға болатынын алға тартып отыр.
Мүфтият донорлықты қолдайтын бәтуа шығара бастады. Ғұламалар кеңесі дің жазушалары донарлығына – адамның сүйек кемігінің гемопоэздік дің жасушаларын (ГДЖ) науқасқа транспланттау процесіне қатысты үкім шығарып, қолдау білдірген.
«Сүйек кемігінің гемопоэздік дің жасушаларын науқасқа транспланттауға шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі. Алайда мынадай шарттардың табылуы тиіс: аса зәруліктің болуы; донордың денсаулығына ешқандай зиян тимеуі, өз еркімен, разылығымен беруі; бұл процесс білімді, білікті дәрігерлердің бақылауымен жүзеге асуы», – делінген үкімде.