Астана Крещение мерекесін тойлауға дайындықты бастап кетті, бұл – шариғатқа қарсы емес пе?
Астана христиан діні мерекесі – Крещениені тойлауға дайындалып жатыр. Дін істері бойынша басқарма жетекшісі Қайролла Қошқали коммуникация қызметі брифингінде Астана қаласында орталық парк маңындағы жағалауда, орталық пляжда шомылуға арналған мұз ойығы ашылатынын мәлімдеді.
Шомылу орны 18 қаңтардағы кешкі сағат сегізден 19 қаңтардағы түнгі екіге дейін ашық болмақ. Келесі күні де таңғы сағат 8-ден түнгі 11-ге дейін қайта жалғасады. ТЖД шұғыл-құтқару бөлімі, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Крещение мерекесі 18-19 қаңтар күндері Астананың барлық православтық ғибадатханаларда өтеді.
Қысты күні суға түсуді христиан дінін ұстанбайтын адамдар да әдетке айналдырып келе жатқаны құпия емес. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы христиан дінін ұстанушылардың сеніміне құрметпен қарайтынын, бірақ мұсылмандардың мұздай суға түсуін құптамайтынын айтады.
«Ислам діні басқа дінге, басқа ұлтқа құрметпен қарауға бұйырады. Бұл мұсылмандардың олардың да діни рәсімдеріне қатысуға болады, солармен бірге қосылып құлшылықты атқаруға рұқсат етілді деген мағынаны білдірмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім қайбір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан деген сөз бар. Міне, сондықтан мұсылман адамның ондай іс-шараларға қатыспағаны дұрыс», – дейді «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов.
Кейбір дінтанушылар бұл әрекет діннен шығу қаупі бар екенін айтады.
«Мұсылман осы күннің қасиетті екеніне сеніп, суды «киелі» санап шомылса, сақтап жүрсе, онысы мұсылманшылықтан шығарып, күпірлікке апаратын әрекет», – дейді дінтанушы Абдусамат Қасым.