Ерекше балалардың еміне бөлінген 85 миллион теңгені жымқырған директор мен бухгалтер сотталды
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында мүмкіндіктері шектеулі балалардың еміне бөлінген 85 млн теңгені қалтасына басқан оңалту орталығының директоры мен бухгалтері кінәлі деп танылды.
Оtyrar-дың хабарлауынша, олар 2018 жылдан бері мекеме қаржысын жеке басына пайдаланып, заңсыз баюды көздеген. 2024 жылға дейін қылмыскерлер ай сайын бухгалтерлік бағдарламаға жалған мәлімет енгізіп, мүгедектердің қажетіне жұмсалуы тиіс ақшаны жеке шоттарына аударып отырған.
Сот кінәлілердің мүліктерін тәркілеп, қамауға алуға үкім шығарды.
«Бүгінде сот үкімімен оңалту орталығының басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бухгалтер қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде 7 жыл жазасын өтейді», – деп мәлімдеді Түркістан облыстық тергеу департаменттің аға жедел өкілі Гүлзия Қарсыбай.
Мұның алдында Түркістанда білім саласындағы 43 шенеунік бюджеттің 2,4 млрд теңгесін қалтаға басқаны туралы жазғанбыз.