Путин Ресейде запастағы әскерилерді шақыру туралы жарлыққа қол қойды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Путин Ресейде запастағы әскерилерді шақыру туралы жарлыққа қол қойды
Путин Ресейде запастағы әскерилерді шақыру туралы жарлыққа қол қойды / Фото: shutterstock

Ресей президенті Владимир Путин запастағы ресейліктерді әскери жиындарға шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша нақты қанша адамның шақырту алатыны және әскери жиындардың қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Құжат Ресей Федерациясының ресми құқықтық ақпарат порталында 16 қаңтарда жарияланып, жарияланған күннен бастап күшіне енген. Әскерилерді жинау мақсатына байланысты құжатта бірнеше тармақ жасырылған. 

Әскери жиын өткізу Ресейдегі жыл сайынғы рәсімге айналды. Путиннің Жарлығы негізінде Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі аймақтардың әскери комиссариаттарына түсетін директива дайындайды. Осыдан кейін запастағы азаматтарға шақыру қағаздарын жіберу басталады.

Әскери жиындарға тек запастағы ер азаматтар ғана шақырылады. 1998 жылы қабылданған заңға сәйкес жиын 2 айдан аспауы тиіс. Запастағы азаматтар 3 жылда бір рет жиынға келуге міндетті. Әскери жағдайға байланысты жиын уақыты созылған күннің өзінде 1 жылдан аспауы керек. Жиынға қатысушыларды соғыс іс-қимылдары аймағына жіберуге болмайды, тек Ресейдің өз аумағындағы қорғаныс шараларына қатыса алады.

Шақырту алған азаматтар жиынға келмесе, 10 мыңнан 30 мың рубльге дейін айыппұл салынады. Әскерге шақырудан жалтару немесе қашу қылмыстық жауапкершілікке алып келеді.

2023 жылдың шілдесінде Путин запастағы әскерилердің зейнет жасын 5 жылға көтерді. Яғни жоғары лауазымды офицерлер 65 жасқа дейін, кіші офицерлер 60 жасқа дейін запас жиындарына келуі қажет.

2022 жылы Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты мобилизация бастаған. Қыркүйек айынан бастап мобилизациядан қашқан ресейліктер жаппай Қазақстан мен Арменияға көше бастады. Елімізге бір ай ішінде 200 мың ресейлік көшіп келген.

Сондай-ақ оқыңыз