Ұлттық Банк теңгеге қысымды азайту үшін алтын-валюта қорын пайдаланады
Ұлттық Банк теңгеге қысымды азайту үшін жаңа өзгеріс енгізетінін хабарлады. Енді реттеуші ішкі нарықтағы алтынды теңгеге сатып алып, оны шетелдік нарыққа сатудан түскен долларды қайта ішкі нарыққа әкелмек. Бұл туралы ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның түсіндіруінше, 2011 жылдан бастап Ұлттық Банк елдегі барлық алтын өндірушілерден алтын сатып алып келеді. Бұл алтын-валюта қорын көбейтіп(АВҚ) әрі алтын өндірісін дамыту үшін жасалған.
«Сыртқы нарықта алтын сату өте қиын бизнес, өте күрделі. Оған үлкен команда, байланыс керек. Оны тек «Қазақмыс», «Қазмырыш» тәрізді алпауыттар жасай алатын», – деп түсіндірді Сүлейменов нарыққа Ұлттық Банк қосылуы туралы.
Нарықтық коньюктураға байланысты сол сатып алған алтынның бір бөлігін немесе барлығын сыртқы нарықта сатады. Банк төрағасы биыл да алтын сатып алуды жалғастырмақшы екенін айтады. Оның мәліметінше, соңғы 5 жылдағы көрсеткіш бойынша Ұлттық Банк шамамен жылына 65-66 тонна алтын сатып алған. 2024 жылы «алтын сатудың қаржы нарығына ықпалы 5,6-6 млрд доллар» деп бағаланған.
Сүлейменов техникалық мәселелерді аяқтаған соң алтын сату келесі аптадан басталатынын хабарлады.
Ұлттық Банкке алтын сатып алу неге керек?
«Алтын өндіруші кәсіпорындардан алтынның барлық үлесін сатып алуды жалғастырамыз. Шетелдік нарыққа да сатуды жалғастырамыз. Бірақ қазір ол ақшаны ішкі нарыққа ұсынамыз, сол арқылы долларға қосымша ұсыныс тудырамыз», – деді Сүлейменов.
Ұлттық Банк төрағасы осы саясат арқылы елдегі инфляциялық қысымды төмендетуге тырысып жатырмыз деп түсіндіреді. Бірақ бұл жерде де маңызды мәселе бар. Алтын өтімділігі төмен тауар болғандықтан, оны сату да қиынға соғады.
«Біз елдегі барлық алтын өндірушілерден жалғыз сатып алушы болғандықтан алтын үлесі өсті, АВҚ өтімділігімен мәселе болды. Алтын жақсы өтетін тауар емес. Сол үшін өткен жылы ел басшылығымен келісе отырып, ақырындап АВҚ-дағы алтын үлесін азайттық. АВҚ құрылғандағы бастапқы мақсатта пайдалануға болатындай бір бөлігі инвестициялық табыс әкелетін активтер болу үшін. Дивиденттер, купондар, тағы басқа», – дейді ҰБ төрағасы
Бірақ қазір ол үшін шаралар қолға алып жатқанын, сол арқылы АВҚ-дағы алтын үлесін жартысына дейін жеткізбекші екенін хабарлады. Ал екінші жартысы тұрақты инвестициялық табыс әкелетін активтер болмақ
Бүгін Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдап, оны өзгеріссіз қалдырды.