«Еуразиялық банк» АҚ топ-менеджері рейдерлік схемаға қатысты деп айыпталды

Жарияланды
«Еуразиялық банк» АҚ  Скоробогатовтың ешқашан директор болып қызмет етпеген деген пікірді теріске шығарды./Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бизнесмен Талғат Акуов «Еуразиялық банк» АҚ топ менеджері Константин Скоробогатовты «Тас бұлақ» демалыс үйін тартып алуға қатысты деп айыптады.  

ҚазТАГ-тың хабарлауынша, Талғат Акуов 2014 жылы Скоробогатов «Еуразиялық банк» АҚ фирмалық бланкасына директор ретінде қол қойғанын, бірақ құжаттың жалған екенін айтып отыр.

«Скоробогатов ешқашан «Еуразиялық банк» АҚ директоры болмаған. Менің өтінішім бойынша, қарағандылық тергеуші Скоробогатовты осы дерек бойынша тергеген. Бірақ ол «Еуразиялық банк» АҚ филиалының директоры болып жұмыс істегеніне дәлел келтіре алмады», – дейді Талғат Акуов.

Оның сөзіне қарағанда, директор етіп тағайындау туралы бұйрықты да, жалақысының, зейнетақы қорының үзіндісін де көрсете алмаған.  

«Демек Скоробогатов «жалған» хат жазып, бөтеннің өкілеттілігін өзіне алып, алаяқтық жасаған. Скоробогатов «жалған» хат жазып, оған «Еуразиялық банктің директоры ретінде қол қойған. Оларды барлық ресми органдарға жіберген. Соның ішінде Қарағанды облысының әкімдігі, жүздеген туристік ұйымдар мен «Атамекен» кәсіпкерлер қауысмдастығы да  бар», – дейді бизнесмен.

Оның айтуынша, бұл әрекет қылмыстық жазаға тартылуы тиіс. Қолында бұл хаттардың көшірмесі бар екенін алға тартып отыр.  

Десе де, «Еуразиялық банк» АҚ  Скоробогатов ешқашан директор болып қызмет етпеген деген пікірді теріске шығарды.

«Скоробогатов Еуразиялық банкте атқарушы директор болып жұмыс істейді», – деп хабарлаған банктің баспасөз қызметі.

Банктің хабарлауынша, Талғат Акуов 2017 жылдан бері банктің және оның аталған қызметкеріне қарсы түрлі инстанцияларға арызданып келе жатқан көрінеді.

«Оның шағымдарына байланысты, реттеуші де, ҚР соттарының түрлі инстанциялары, соның ішінде Жоғарғы сот та, азаматтық сот өндірісі аясында, сонымен қатар құқық қорғау органдары (ІІМ, Антикор, СЭР) қылмыстық іс қозғау барысында сотқа дейінгі тергеу кезеңінде шағымданушының барлық дәйектерін жіті тексерді. Бірақ олардың ешқайсысы расталмады», – дейді «Еуразиялық банк» АҚ баспасөз қызметі.

Банк Акуовтың айыптарын жала деп есептейді. Өйткені қарыздың өтеуі ретінде Акуовтың мүлігін өндіріп алу туралы сот шешімін барлық инстанциялар заңды әрі негізді деп тапқан. Талап-арыз иесінің шағымы қанағаттандырылмаған.

Мұның алдында ERG компаниялар тобының негізін қалаушылардың бірі Патох Шодиевтің қызы Муниса Шодиеваның Еуразия банкінің директорлар кеңесінің құрамынан кеткенін хабарлаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз