Сауда айналымы: Қытай Ресейді Орталық Азия елдерінен ығыстыруда

Жарияланды
Қытай Ресейді Орталық Азия елдерінен ығыстыра бастаған / Фото: kursiv.media

Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы (GASS) 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Орталық Азия елдерімен тауар айналымы туралы есеп берді. Жалпы көрсеткіш 85,5 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіштің 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,9%-ға артқанын атап өтті.

Қытайдың аймаққа экспорты 58,3 миллиард долларды, ал Орталық Азиядан импорты 27,2 миллиард долларды құрады. Қытаймен саудада Орталық Азия республикаларының теріс сальдосы 3,9%-ға өсті: 2023 жылдың қаңтар-қарашасындағы 29,88 миллиард доллардан 2024 жылы 31,05 миллиард долларға жетті.

                                                                                        

Қытай  басты сауда серіктес

Сауда айналымда 85,5 миллиард доллардың ішінде Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы шамамен жартысын құрап, 40,0 миллиард долларға жетті. Ал Қырғызстанның үлесі төрттен бір бөлікті қамтып, 19,9 миллиард долларды құрады. Қытайдың аймақтағы сауда серіктестері арасында үшінші орынды 12,3 миллиард доллармен Өзбекстан иеленсе, төртінші орында 9,8 миллиард доллармен Түрікменстан тұр, ал бестікті Тәжікстан – 3,5 миллиард доллармен аяқтады.

Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі 8,7%-ға өссе, Қытай мен Қырғызстан арасындағы айналым 11%-ға артты. Түрікменстанның сауда көлемі аз ғана, 0,4%-ға өсім көрсетті. Дегенмен, Қытайдың Өзбекстанмен және Тәжікстанмен саудасы тиісінше 3,3% және 1,6%-ға азайды.

Айта кетерлігі, Қытаймен саудада оң сальдо көрсеткен жалғыз ел – Түрікменстан болды. Бұл республика 2024 жылдың 11 айында Қытайға 8,86 миллиард доллардың тауарын экспорттап, тек 898,5 миллион долларға ғана қытайлық өнімдер сатып алған.

                                                                       

Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда байланысы: Қазақстан мен Ресейдің сауда айналымы төмендеуде

2024 жылдың 10 айында Ресей Орталық Азия елдерімен  сауда айналым 42,9 миллиард долларға жетті. Осы уақыт аралығында Орталық Азия елдері Ресейден 29,5 миллиард доллардың тауарын импорттады, ал экспорт көлемі 13,4 миллиард долларды құрады.

2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2024 жыл Ресейдің Қазақстанмен сауда айналымы 10 айда  керісінше 22,1 миллиардтан 21,9 миллиард долларға дейін төмендеді. Әсіресе, Қазақстанның экспорты 10,8% ға дейін төмендеп кеткен.  Өзбекстанның керісінше Ресеймен сауда байланысы 20,5% ға өсіп 10,7 миллиард долларға жетті. Қырғызстанда да 13,7%  өсіп, 3 миллиард долларға жетті. Тәжікстан 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Ресеймен сауда айналымы былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда  19,1% өсіп, 7,3 миллиард долларды құрады. Түркіменстан Орталық Азия елдерінде Ресеймен сауда айналымы 58,0% көтеріліп, ең үлкен өсімді көрсетіп отыр. Осылайша Ресеймен сауда айналымда Орталық Азия елдерінің ішінде тек Қазақстанда керісінше төмен нәтиже көрсетсе, қалған 4 елдің сауда байланысы артып келеді.

Қытай мен Ресейдің Орталық Азиядағы сауда бәсекелестігі

Осылайша сауда айналымда Қытай Ресейді Орталық Азия елдерінен ығыстыруда. Статистикаға назар аударсақ 2021 жылы тіпті Қытай өңірдегі елдермен сауда байланысы жағынан Ресейден 1,5 миллиард долларға аз болса, 2022 жылдың қортындысы бойынша Қытай көш бастап, айырмашылық керісінше 6,7 миллиард долларға дейін көтерілді. 2023 жылы Орталық Азия елдерінің басты сауда серіктестері арасындағы айырмашылық 17,7 миллиард долларға дейін өсіп, Қытай  өңірде экономикалық байланысты күшейтті. Бұл тенденция 2024 жылы да жалғасып келеді. Осылайша Қытай Орталық Азиядан Ресейді сенімді түрде ығыстыруда.

Сондай-ақ оқыңыз