Қазақстандықтардың үй жануарларына жұмсайтын шығыны бір жылда екі есе артты
Соңғы бес жылда Алматы қаласындағы зоосервис саласындағы компаниялар саны екі есе көбейген. Тиісінше, үй жануарларына күтім көрсету қызметтерінің көлемі де 10 есе артқан. Мысықтар мен иттерге арналған қызметтер неліктен сұранысқа ие бола бастады? Мұндай бизнеспен қанша табыс табуға болады? «Курсив» осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Пандемиядан кейін ит-мысық асырайтындар көбейді
Әлемнің басқа елдеріндегідей Қазақстанда да пандемия кезінде адамдардың үй жануарларын асырап алуы жиілеген. Соның нәтижесінде үй жануарларына күтім көрсету қызметтеріне сұраныс артты. Мәселен, 2024 жылғы желтоқсан айындағы жағдайға назар аударсақ, Алматыда 84 груминг-салон жұмыс істейді. Бұл 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда екі есе көп. Ал 2018 жылмен салыстырғанда төрт есе жоғары. Алматыдағы зоо-қонақүйлер мен иттерді баулу орталықтарының саны да бес жылда екі есе артты.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2023 жылы үй жануарларына күтім көрсету қызметтерінің көлемі 16,6 млрд теңгеге жеткен (2024 жылдың деректері бірнеше айдан кейін жарияланады). Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп (8,3 млрд теңге), ал пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 10 есе артық (1,6 млрд теңге). Мұндай қызметтердің басым бөлігі (шамамен 70%-ы) Алматыда көрсетіледі.
«Бұл нарық COVID-19 пандемиясынан кейін өте тез өсе бастады. Себебі пандемия кезінде адамдар үйде отырғанда жануарларды асырап, ермек қылды. Содан кейін үй жануарларына арналған қызметтерге де сұраныс өсті», – дейді Alpha Dog кинологиялық агенттігінің негізін қалаушы Влад Алиев.
Соңғы үш-төрт жылда оның компаниясының табысы екі есе артқан.
Соғыстан «қашып келгендер» зоосервис қызметіне сұранысты арттырды
«Нарықтың өсуіне Қазақстанға Ресейден келген релоканттар да әсер етті», – дейді ABC Pets компаниясының иесі Александр Боднар.
Оның пікірінше, Алматыға келген жаңа тұрғындардың арасынан үй жануарларына күтім көрсету қызметтін тұтынатындар көп болған. Ресейде жануарларды зоо-қонақүйлерге орналастыру тәжірибесі кеңінен таралған. Сондықтан олар Алматыдағы салондарды немесе зоо-қонақүйлерді таңдағанда, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан секілді қалалардағы жағдаймен салыстырады.
Santa Calista мысықтарға арналған груминг және денсаулық академиясының иесі Наталья Айгузина зоосервис саласының өсуінің бір себебі ретінде аймақтағы саяси және экономикалық жағдайдың тұрақсыздығын атап өтті. Оның пікірінше, бұл жағдай адамдардың психоэмоционалды жағдайына теріс әсер етеді.
«Адамдарға қазір бәрі қиын. Олар жануарларды асырап алу арқылы өздерін жұбатады. Бізде осының арқасында депрессиядан құтылған клиенттер өте көп», – дейді ол.
Үй жануарларын асырайтын адамдардың жауапкершілігі артып келеді
Влад Алиевтің айтуынша, зоосервиске сұраныстың артуы тек жануарлар санының өсуімен ғана емес, сонымен қатар үй жануарлары иелерінің жауапкершілігінің артуымен де байланысты.
«2023 жылы мен күшік сатып алу бойынша 15-ке жуық кеңес берсем, 2024 жылы 100-ден астам адам кеңесіме жүгінді. Үй жануарларын күту мәдениеті дамып келеді. Адамдар жыл сайын жануар сатып алу кезінде дұрыс шешім қабылдауға тырысады. Мамандардан кеңес алып, өздеріне қандай итті асыраған тиімді екенін біледі», – деді ол.
Наталья Айгузина да өз салондарында мысықтарға арналған грумингке деген сұраныстың артқанына тоқталды. Оның салоны бірінші болып экспресс-линька (мысықтарды арнайы косметикамен тарау және жуу) процедурасын енгізгенін алға тартты.
«2019 жылы салон ашқанда, маған бәрі мысықтарды жуындыруға ешкім келмейді деген болатын. Бірақ бес жыл өткеннен кейін салонымда менімен бірге тағы бес шебер жұмыс істейді. Біз күніне 15-20 мысыққа қызмет көрсетеміз», – дейді бизнес иесі.
Мысықтарды қырқу және груминг Olx.kz сайтындағы «Үй жануарларына көрсетілетін қызметтер» бөлімінде ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында тұр. 2019 жылы алматылықтар үй жануарларын қырқу бойынша 7,3 мың рет және груминг бойынша 463 рет хабарласса, 2024 жылы қырқу 16 мың рет, ал грумингке 8,6 мың рет сұраныс түскен.
Күшіктерге арналған балабақша және басқа да қызметтер
Зоосервис қызметтерінің танымалдылығы артқанымен, оларды үй жануарлары иелерінің аз ғана бөлігі пайдаланады. 2024 жылдың қараша айында United Research Technologies Group (URTG) компаниясы «Курсив» тапсырысы бойынша үй жануарларын күту жағдайларына арналған әлеуметтік сауалнама жүргізді (өңірлердің әртүрлі топтарынан 1601 қазақстандықты зерттеу).
Зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 44,1%-ы үйінде кем дегенде бір жануар бар екенін, тағы 9,1%-ы жыл ішінде үй жануарын асырап алуды жоспарлап отырғанын айтқан. Жануар асырап алғандардың 67,5%-ы мысық ұстайды, 56,2%-ы – ит, ал үшінші орында «папугайлар және басқа құстар» тұр – оларға 7,1% респондент қызығушылық танытқан.
Үй жануарлары үшін пайдаланылатын қызметтердің ішінде респонденттер бір рет болса да пайдаланған ең танымал қызметтер ветеринарлық қызметтер (13%), кинолог немесе жаттықтырушы қызметтері (3,4%) және «груминг пен қырқу» (3,3%) болып шықты. Осы ретте қазақстандықтардың басым бөлігі (74,2%) үй жануарларына арналған қызметтерді мүлдем пайдаланбайды.
«Меніңше, бұл ең алдымен материалдық жағдаймен байланысты. Адамдардың қолдағы ит-мысын салонға апарып, жаттықтыру курсынан өткізуге қаржылық мүмкіндігі жоқ, өйткені бұл қызметтер өте қымбат», – дейді Александр Боднар.
Алматыда иттің грумингінің бағасы ұсақ тұқымдарға 8-10 мың теңгеден басталады. Зоотакси қызметі 8 мың теңгеге (апару-алып қайту) шығады. Үй жануарын зоо-қонақ үйде күніне орналастыру құны орташа есеппен мысықтар үшін 4 мың теңге, иттер үшін 5 мың теңге. Зоо-күтуші қызметі 5 мың теңге, ал жаттықтырушының бір сағаты орташа есеппен 7 мың теңге тұрады. Алматыда үй жануарлары үшін ерекше қызметтер де бар. Мысалы, ароматерапиямен спа-процедуралар, массаж, фитнес-зал, бассейн және күшіктерге арналған балабақша.
Зоосервис саласындағы кәсіпкерлердің айтуынша, олардың негізгі клиенттері – орташа немесе жоғары деңгейдегі табысы бар адамдар. Әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандықтардың жартысынан көбі өздерінің үй жануарларына айына 20 мың теңгеге дейін ақша жұмсауға дайын. Мұндай шығындар көбінесе тамаққа, гигиеналық құралдар мен ветеринарлық қызметтерге кетеді.
Зообизнес қалай жұмыс істейді?
В.Алиевтің бағалауы бойынша, қазіргі уақытта ең тиімді бағыт – зоо-қонақ үйлер. Ол өз зоо-қонақүйін мысалға келтірді. Оның айлық шығыны 1,2 млн теңге болса да, ол айына 5 млн теңгеге дейін табыс табуы мүмкін. Алайда мұндай бизнес маусымдық сипатқа ие. Демалыс және мереке кезеңдерінде сұраныс артады. Ал қалған уақытта жүктеме 20%-дан зорға асады.
Сондықтан үй жануарларына арналған қызметтер көрсететін көптеген компания қызметтерін кешенді түрде дамытады, бір қызмет екінші қызметті толықтырып тұрады. Мысалы, зоотакси груминг, жаттықтыру және зоо-қонақ үй қызметтерін тұтас дамытады. Зоо-қонақ үй жаттықтыру кезеңінде қосымша қызмет ретінде ұсынылуы мүмкін немесе жаттықтыру қызметі зоо-қонақ үй жануарлардың жаттығу уақытында қосымша ұсыныс ретінде беріледі.
Алматыда осындай модель бойынша жұмыс істейтін алғашқы компания – «К-9» кинологикалық орталығы (2007 жылы құрылған). Орталық жетекшісі Андрей Маликов: «Тек бір бағытта жұмыс істеу тиімсіз. Егер тек жаттықтырумен айналыссаң, мұндай бизнесті жүргізу қиын болады, оның ішінде маусымдық фактор да бар. Қыста жаттықтыруға жазылатындар жазға қарағанда аз болады. Мысалы, Жаңа жылға дейін жаттықтыруға деген сұраныс қатты төмендейді»,- деді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, Жаңа жыл жақындағанда груминг қызметіне жазылу күрт артады. Сонымен қатар зоо-қонақ үйлер де толығымен жабылады.
А.Маликовтың айтуынша, ең қымбат бағыт — зоотакси.
«Көлік көп отын тұтынады, жиі бұзылады, қосымша қаржылық салымдарды талап етеді. Бірақ біздің саламызда такси маңызды. Өйткені бұл басқа бағыттардың дұрыс әрі уақытында жұмыс істеуі үшін керек. Мысалы, таңертең такси қала бойынша иттерді жинап, оларды біздің мектепке жеткізеді. Кешке – кері қайтады», – дейді ол.
Сонымен қатар үй жануарларының иелері зоотакси қызметін жеке мақсатқа да қолдана алады. Мысалы, ветеринарлық клиникаға бару немесе қала бойынша басқа да бағыттарға жүру үшін зоотакси шақырса болады.
Сондай-ақ Қазақстанда үй жануарларын пойызбен алып жүруге болады. «Жолаушылар теміржолы» пойыздарда жануарларды тасымалдау ережелерін бекіткен. Компания үй жануарлары қатарына мысықтар, иттер мен құстарды жатқызатынын жазған. Оларды пойызбен тасымалдау тиісті ветеринариялық паспорттар немесе анықтамалар болған кезде ғана рұқсат етіледі.