Қазақстанда кең таралған қылмыс түрі белгілі болды
Қазақстанда кең таралған қылмыс түрі белгілі болды. Елімізде алаяқтық, ұрлық, есірткі, адам өлтіру фактілері жиі орын алады. Бас прокуратура республиканың қай өңірінде қылмыс ең көп жасалатынын да мәлім етті.
Бас прокуратруаның мәліметінше, 2024 жылы ең көп құқықбұзушылық Алматы қаласында тіркелген. Елдегі ең ірі мегаполисте бір жылдың ішінде 24 965 қылмыс жасалған. Одан кейінгі орында ел Астанасы. Бас қалада 17 339 дерек тіркеліп отыр. Ал облыстар арасында Алматы мен Қарағанды өңірлері көш басында тұр. Алматы облысында бір жыл ішінде 10 385 (7,8%) болса, Орталық Қазақстанда 7 562 (5,7%) заң бұзу фактілері жасалыпты.
Бас прокуратура елде жиі орын алатын қылмыстарды да атады.
«Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санынан 34% алаяқтық (45 156), 23% – ұрлық (30 593), 6,3% – есірткі қылмысы (8 363), 1,2% – тонау (1 551), 1,2% – бұзақылық (1 615), 0,8 % – мал ұрлығы (1 051), 0,4 % – адам өлтіру (566), 0,3% – зорлау (421), басқа құқық бұзушылықтар 32,7% (43 462)»,- делінген хабарламада.
Маңғыстау, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ұлытау, Ақмола облыстарында да қылмыстық істердің саны өскен.
Айталық, Алматы облысында ең қылмыс көп тіркелген – Қарасай ауданы. Онда 2024 жылы 2610 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 1912 іспен Талғар ауданы екінші орында тұр. Осы екі ауданда тіркелген қылмыстардың санын өз алдына бөліп қарастырғанның өзінде, бір ғана Ұлытау облысының көрсеткішінен асып жығылады.
Еске салайық, жуырда ІІМ басшысы Ержан Сәденов 2025 жылды қылмысқа қарсы «Профилактика жылы» деп жариялаған болатын. Министр қылмыс санын максималды түрде болдырмау керек деп санайды.