«Астана-Щучинск» трассасындағы жаппай жол апатына тәртіпке бағынбаған жүргізушілер кінәлі ме?
«Астана-Щучинск» трассасында 95 көлік жаппай соқтығысқан жол апатына жүргізушілердің өздері кінәлі болуы мүмкін. Өйткені көлік иелері тәртіпке бағынбаған. ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Аслан Уакишевтің пайымы осындай.
ТЖМ өкілі аталған оқиғаға қатысты құзырлы орган тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті. Десе де министрлік құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде орындады деп есептейді. Ал көліктердің жаппай соқтығысуына жүргізушілердің абайсыздық танытуы себеп болып отырған көрінеді.
«Ол жерде жағдай қалай болды дегенге келсек: ІІМ қызметкерлері трассадағы көліктерді колоннамен алып жүруді ұйымдастарды. Бірақ абайсыз жүргізушілер бір-бірін басып озуға тырысып, соның салдарынан осындай оқиға орын алды. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде»,- деді Аслан Уакишев Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте.
ТЖМ өкілі зардап шеккендерді құтқару және эвакуациялау шаралары атқарылғанын еске салды. Сондай-ақ спикер жолдардың жабылуына байланысты хабарламаларды ескермей жолға шығып кететіндерге айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделгенін еске салып өтті.
Еске сала кетейік, 3 қаңтарда Ақмола облысында «Астана – Щучинск» тас жолында 95 көлік соқтығысып, 20 адам зардап шеккен еді. «Еуразия» сақтандыру компаниясы мамандары 95 көліктің иелері бірігіп, жолды күтіп ұстайтын компания үстінен арыздана алатынын айтқан болатын. Мамандардың айтуынша, жол қозғалысы туралы заңнамаға сәйкес, жолдың жай-күйіне жауапты ұйым көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Соның ішінде жолды мұздан тазарту міндеті бар.