«Келімбетовтің күйеу баласы, Жұмагелдиевтің досы». Жанболат Серіков Бакуде ұсталды

Жарияланды
Фото: Orda.kz/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бакуде Біріккен Араб Әмірліктері тиісті органдарының сұрауы бойынша Қазақстан азаматы Жанболат Серіков тұтқындалды. Ақпаратты бас прокуратура BES.media басылымына растаған.

Прокуратура жауабында Серіковке Қазақстанда іздеу жарияланбағаны айтылады. Сондықтан оны экстрадициялау мәселесі күн тәртібінде жоқ. Ал ІІМ аталған тұлғаға ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеген.

Серіковтің ұсталғаны неге назар аудартты

BES.media Серіковті бұрынғы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің күйеу баласы және «Дикий Арман» қылмыстық тобының белсенді мүшесі ретінде атайды. Расталмаған деректерге сәйкес, ол Келімбетовтің қызы Шынар Нематоваға үйленген.

Басылым сондай-ақ блогер Андрей Алистаровтың жазғандарын келтіреді

Блогердің сөзінше, Жанболат Серіков Finiko қаржылық пирамидасының негізін қалаушы Эдвард Сабировқа шабуыл ұйымдастырған болуы мүмкін. Ол Telegram арнасында жарияланған мәліметте қылмыскерлер 327 мың АҚШ долларын (173,7 миллион теңге) ұрлап кеткенін келтірген. Шабуылдан кейін олар Мәскеуге ұшып кетіп, БАӘ полициясының сұрауы бойынша тұтқындалған. Жанболат Серіков 3 қаңтарда Бакуде Ыстанбұлдан келгеннен кейін тұтқындалған.

Orda.kz мәліметі бойынша, тергеліп жатқан Арман Жұмагелдиев Жанболат Серіковтің досы. Олар шетелде де, Қазақстанда да бірнеше рет кездескен.

Жанболат Серіковтің Freedom Bank, ЦентрКредит банк және ForteBank алдындағы қарызы 3 миллиард теңгеден асқан. 2023 жылғы желтоқсаннан бастап оған Қазақстаннан шығуға тыйым салынған.

Сонымен қатар Orda.kz Жанболат Серіковке «Кристалл» түнгі клубы тиесілі екенін жазған, онда 3,1 миллиард теңге қарыз бар.

Бұған дейін Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған Арман Жұмагелдиевке қатысты іс бойынша сот тергеуі аяқталғаны хабарланған.

Ал Қайрат Келімбетов 2024 жылғы маусымда Freedom Holding Corp. директорлар кеңесінің құрамына енген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз