Адам құқықтары бюросы арқылы өтемақы сұраған үйлестіруші қызметінен шеттетілді
Билік органдарына оның шағымдарын қарамауды сұрап хат жазған./фото: Шадияр Өстемір
Адам құқықтары бюросы арқылы Фосфор өндіретін «Қаратау» ААҚ-ның заңсыз жабылғанын әшкерелеп, денсаулыққа келген зиян үшін қомақты өтемақы сұраған Жақсылық Айымбетовтың барлық сенімхаттары жойылған.
Оның соттардағы және мемлекеттік органдардағы кредиторлардың өкілі ретіндегі қызметтерінен бас тартылып отыр. Айымбетовтың орнына келген адам билік органдарына «енді оның шағымдарын қарамау» туралы ескерту хат жолдапты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті KursivMedia сауалына орай «Қаратау» ААҚ бұрынғы қызметкерлерінің денсаулыққа келтірілген зиян бойынша өтемақы төлеу туралы дау-дамайға қатысты осындай жауап берді.
Комитеттің хабарлауынша, 2024 жылғы 6 қарашада регрессшілер жиналысы өткен. Оған 17 регрессші қатысыпты.
«Б.Тазабек мемлекеттік органдармен және басқа тараптармен келіссөздерде регрессшілердің мүдделерін білдіру үшін үйлестіруші болып сайланды. Бұл жиналыста Ж.Айымбетовтың соттардағы және мемлекеттік органдардағы кредиторлардың өкілі ретіндегі қызметтерінен бас тарту, сондай-ақ оған бұрын берілген барлық сенімхаттардың күшін жою туралы шешім қабылданды», – деп жауап берді комитет.
Сонымен қатар, Б. Тазабек ҚР Парламенті Мәжілісіне, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, ҚР Қаржы министрлігіне, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне және Жамбыл облысының әкіміне 17 регрессші сот шешімімен келісіп, Ж. Айымбетовтың шағымдарын одан әрі қарамауды сұрайтыны туралы хабарлама жолдаған.
«2025 жылдың қаңтарында 17 регрессші Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына кредиторлардың бірінші кезектегі талаптарының тізіліміне енгізілген сомаларды төлеу туралы талаппен талап арыз берді», – делінген комитеттің жауабында.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы «Қаратау» ААҚ-ның бұрынғы қызметкерлері денсаулығына зиян келтіргені үшін өтемақы ала алмай жүрген 29 адам бар екенін мойындап отыр. Оның төртеуі қайтыс болған. Бұл мәселесі бойынша 2019 жылы үкіметтік жұмыс тобы құрылғанын, оның құрамына Еңбек, Әділет, Қаржы министрліктері, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура кіргенін алға тартады. Жұмыс тобы аталған мәселені сот арқылы зерттеп, шешуге ұсыныс берген.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметінше, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 ақпандағы ұйғарымымен борышкерге қатысты банкроттық рәсімі қайта басталған. Регрессшілер сот сатысының барлық кезеңдерінен өтті.
«2024 жылғы 21 тамызда Жамбыл облыстық сотының қаулысымен «Қаратау» ААҚ банкроттықты басқарушысы Б. Смағұловтың қорытынды есебі мен тарату балансы бекітілді. Банкроттықты басқарушы сот шешімін орындау мақсатында 29 Регрессшілерге төленуге жататын залал сомасын есептеді. Есептелген сома – 524 579 781 теңге», – деп жауап берді комитет.
Алайда, комитеттің өкілдерінің сөзіне қарағанда, 8 адамнан тұратын регрессшілер бұл сомамен келіспеген.
Комитеттің мәліметінше, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – бюджеттік қаржыландыруды көздейтін 027 бюджеттік бағдарламаның әкімшісі. Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты әрбір кредитор бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен капиталдандырылған төлемдерді өндіріп алу туралы оң шешім қабылдаған жағдайда, төлемдер төленетін болады.
«Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Сонымен қатар жоғарыда аталған мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылауында», – дейді комитет.
Мұның алдында Жамбыл облысында Жаңатас пен Қаратауда фосфор шығарып, кәсіптік дертке ұшыраған мүгедектігі бар «Қаратау» ААҚ мекемесінің бұрынғы қызметкерлері Үкіметтен 1 млрд 730 млн ақша өтемақы төлеуді талап еткені туралы жазған едік.
Жақсылық Айымбетов айтуынша, үкімет қазір бөліп отырған қаражат жасы келген, мүгедектігі бар адамдардың дәрі-дәрмегіне де жетпейді.