Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 25%-ға дейін арзандайды – Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстанда биыл дәрі-дәрмек бағасы 10-25%-ға дейін арзандайды. Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетігін енгізіп жатыр. Оның нәтижесінде шектік баға саясатында өзгерістер болады деп күтілуде.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бұл тетік тегін медициналық көмектің, МӘМС және дәріханалар желісі арқылы ем қабылдап жатқан науқастарға арналған препараттардың шекті құнын төмендетуді көздейтінін айтты.
«Дәрі-дәрмек құнын төмендетудің бір құралы ретінде олардың бағасына бұрын енгізілген қосымша шығындарды алып тастау қарастырылған. Яғни маркетингтік шығындар (30%-ға дейін), тасымалдау шығындары (15%-ға дейін) және сапаны бағалауға арналған шығындар», – деп атап өтті Нұрлыбаев.
Министр орынбасарының сөзінше, аналог дәрілердің бағасын түпнұсқа дәрінің құнынан 30%-ға төмендету жоспарланған.
«Егер түпнұсқа препарат нарықта болмаса, отандық аналогтың шекті құны импортталатын дәрілердің орташа бағасынан аспауы тиіс. Мұндай саясат бәсекелестікті ынталандыруға және отандық өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осылайша барлық тараптардың мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді министр орынбасары Нұрлыбаев.
Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Жандос Әділхан қабылданған жаңа механизмнің арқасында дәрі бағасында оң өзгеріс болатынын айтады.
«Қазір дәрі-дәрмек бағасын белгілеудің жаңа механизмі қабылданды. Соған байланысты денсаулық сақтау министрлігіне қарасты эксперттік сараптама орталығы бар. Жобамен 10-25% аралығында дәрі-дәрмек құны түседі деп болжанып отыр», – деді ол.
Осыған дейін бұл мәселені Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтқан еді. Депутат дәрілік заттардың бағасы 25%-ға дейін арзандауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.