Қарағанды облысында ауа райының қолайсыздығынан мыңдаған көлік тұрып қалды
Қарағанды облысының полициясы ауа райының қолайсыздығына байланысты күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Облыстың автожолдарында ауа райының нашарлауына байланысты күрделі жағдай орнаған. 20 қаңтардан бастап республикалық маңызы бар Қарағанды-Астана және Қарағанды-Балқаш автожолдары уақытша жабылған.
«Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальоны мен аумақтық бөлімшелердің жеке құрамы күшейтілген қызмет көрсету режиміне көшірілді. 21 қаңтар күні сағат 13:00-дегі жағдай бойынша Қарағанды облысының жолдарында 1000-нан астам көлік тіркелді, оның ішінде 527 жеңіл, 500 жүк көлігі және 9 қоғамдық көлік бар» делінген полиция хабарламасында.
Полиция ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерді алыс жолдарға шықпауға шақырады.
Бұған дейін қолайсыз ауа райына байланысты Қарағанды және Ақмола облыстарында автожолдар жабылғаны хабарланған.
Синоптиктер 21 қаңтарда кей өңірлерде қарлы боран, дауыл тұрып, 35 градусқа дейін аяз болатынын болжаған.