Түркиядағы қонақүйде болған өрттен қаза тапқандар саны 66-ға жетті
Түркияның «Каркал» тау шаңғы курортындағы қонақүйде болған өрттен 66 адам қаза тапты. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрі Али Ерликая мәлім етті, деп жазады TRT Haber сайты.
Али Ерликаяның мәлімдемесінде 66 адам қаза тауып, 51 адам жарақат алғаны айтылады.
«Құрметті достар, біз ұлт ретінде үлкен қайғы-қасіретке душар болдық. Өкінішке қарай, бұл өрттің салдарынан 66 адамды жоғалттық, 51 адам жарақат алды. Қонақүйдің артқы жағы еңіс болғандықтан, сөндіру жұмыстары ғимараттың алды мен бүйірлерден жүргізілді. Сот тергеуі басталды», – деді ол.
Денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлу жарақат алған бір адамның хәлі ауыр екенін айтты. 17 адам үйіне жіберілген.
Türkiye басылымының жазуынша, өрт мейрамхана асханасында басталған болуы мүмкін. Жергілікті билік өрт толықтай сөндірілгенін хабарлады, бірақ ғимарат құрылымдарының құлау қаупіне байланысты кейбір бөлмелерге кіру мүмкін емес.