Қазақстан делегациясы АЭС технологияcын таңдауға Ресейге барды
Қазақстанның Энергетика министрлігінің делегациясы АЭС салуға қажетті технологияны таңдау аясында Ресейге сапарын аяқтады. Бұл топты Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастап барған. Олар «Росатомның» ВВЭР-1200 реакторы тұрған Ленинград АЭС-інің жұмысымен танысқан.
«Ресей Федерациясына сапар Қазақстанда АЭС салу үшін технология жеткізушілермен бәскелесті диалогтың соңғы кезеңі болды», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Сапар барысында Ленинград АЭС-і басшылығының кеңесін тыңдап, станса инфрақұрылымымен танысқан. Сосновый Бор серіктес қаласына барып, ғылыми-инженерлік жетістіктерді көзбен көрген.
«Біз бүгін жұмыс сапарларын аяқтадық. Ядролық энергетика саласындағы ең үздік әлемдік тәжірибелерді зерделедік. Ленинград АЭС-і қоршаған ортаны және жергілікті тұрғындардың берекелі өмірін қорғауды қамтамасыз ететін қауіпсіздік шараларымен, технологиялармен жіті танысуға мүмкіндік берді», – деді Сәтқалиев.
2024 жылы қазан айы мен желтоқсан айы аралығында қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяға, Францияға және Қытайға сапарлаған болатын.
«Росатом» кәрістің KHNP, қытайдың CNNC және француздың EDF компанияларымен қатар «шорт-листке» кірген.
Қазақстанда АЭС салу жобасы бойынша, жеткізушіні немесе консорциумды таңдау туралы ақырғы шешім 2025 жылы қабылданады. Энергетика министрлігі «шешім Ұлттық мүддені, халықаралық нормалар мен міндеттемерді және МАГАТЭ-нің ұсынымын ескере отырып қабылданады» деп сендіріп отыр.
Мұның алдында аталған министрлік АЭС салуға үміткер компаниялармен жүргізіліп жатқан келіссөздер аясында санкциялық аспектер мұқият талданылатынын, мүмкін қауіп-қатерлерді барынша азайтуды көздейтінін мәлімдеген еді.