2024 жылы орташа декреттік төлем 1 млн 621 мың теңгені құрады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы бала тууға байланысты төленген жәрдемақылар мөлшерін жариялады.
Бала туғанда берілетін жәрдемақы
2024 жылы мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала тууға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне 895,3 млрд теңге төлем берілген. Мұндай төлемді 648,8 мың адам алған.
Бала туғанда берілетін жәрдемақыны 378,1 мың адам алған. Төленген сома 64 млрд теңге. 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша 126,3 мың адамға 41,6 млрд теңге сомасына жәрдемақы берілген.
2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген.
Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
– бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын төмендегідей мөлшерде төленеді:
– бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
– екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
– үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Декреттік төлем
Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін жәрдемақы 2024 жылы 385,6 млрд теңге соманы құраған. Оны 245,7 мың адам алған. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 621 299 теңгені құрады.
Сондай-ақ бала туған күннен бастап бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайын төлем тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
2024 жылы бұл төлем 404,1 млрд теңгеге 276,8 мың адамға тағайындалған. Ай сайынғы төлемнің орташа мөлшері 86 758 теңгені құраған.
Бүған дейін, 2025 жылы зейнетақы мен жәрдемақы көлемі қандай болатынын хабарлағанбыз.