Әскери шығындарды азайту мақсатында, Қазақстанда «резервтегі әскери қызмет» пайда болады

Жарияланды
Резервтегі әскери қызмет, Қарулы күштерге жұмсалатын қаражатты үнемдеу мақсатында енгізілмекші / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда енді резервтегі әскерилер пайда болады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданды.

Жаңадан енгізілетін әскери қызметтің бұл түрі бейбіт уақытта Қарулы Күштердің санын көбейтпей, бюджетті үнемдеп, қойылған міндеттерді орындайтын азаматтардың белгілі бір мөлшерін дайындауға мүмкіндік бермек. Бұл заң жобасында депутаттар резервтегі әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптарды, олардың әскери қызмет өткеру тәртібін, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларды пысықтаған.

Заң жобасына сәйкес:

  • әскери резервшілердің еңбек қатынастары мен әлеуметтік қамсыздандырылуына қатысты түзетулер;
  • әскери резервшілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуына аударымдар мен жарналарды реттейтін нормалар;
  • әскери құқық бұзушылық субъектісі ретінде резервтегі әскери адамның қылмыстық жауаптылығына қатысты түзетулер;
  • Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның қызметін реттейтін заңнамаға осы күш құрылымдарының резервінде әскери қызмет өткеруге мүмкіндік беретін толықтырулар енгізілген.
Резервтегі әскерилер не үшін қажет?

Заң Сенатта мақұлданса, мерзімді әскери қызметкерлермен және келісімшарт бойынша әскери қызметкерлермен қатар резервтегі қызметкерлер пайда болады. Депутат Айдос Сарым бұл заң жобасы бірінші кезекте Қарулы күштерге жұмсалатын қаражатты үнемдеу мақсатында қабылданып жатқанын айтты.

«Бұл қарулы күштерге жұмсалатын миллиардтаған қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге кәсіби армияны арттыра бермеу үшін қажет. Мұндай халықаралық тәжірибеде бар», – дейді депутат.

Депутаттың түсіндіруінше, резервтегі әскери адам белгілі бір жасқа келгенге дейін әскери комиссияның тізімінде тұрады. Ол адам әскерге шақырылған кезде оған тиісті жалақы тағайындалып, жұмыс орны сақталады. Сонымен бірге әскери қызметі барысында резервтегі азамат шені өсіп, капитан және т.б. дәрежелерге көтеріле алады.

Сондай-ақ оқыңыз