Атырауда Пішөн атты иттің ескерткіші орнатылды

Жарияланды
Пішөнді өткен күзде жергілікті ветеринарлық стансаның қызметкерлері атып өлтірді/фото: скрин

Атырау жағалауында су тасқыны кезінде құм тасып, адамдарға көмектескен Пішөн атты итке ақыры ескерткіш орнатылды.

Атырау қаласының әкімдігі Пішөнге ескерткіш қоюға қарсылық көрсеткен болатын. Ailaq Coffee қожайыны өзінің кофе сататын дәмханасының алдына қоюды ұсынған. Ол осы арқылы Пішөнге құрметін көрсеткісі келген.

Ескерткішті Азамат Кенжеғалиев жасаған. Оның айтуынша, ескерткіш апат кезінде адамдарға жәрдем берген итке ризашылық ретінде жасалған. Мүсін металдан жасалып, жүрекке ұқсас пішіндерден құрастылған. Өйткені ит адамдардың жүрегінен орын алған.

Пішөн былтыр көктемдегі алапат қарғын суға қарсы бөгет салуға адамдарға қолғабыс беріп, әлеуметтік желі арқылы танымал болған еді. Құм салынған қаптарды тасуға иесі Зәмзәгүлге көмектескен. Пішөннің бұл әрекеті қазақстандықтарды ғана емес, бүкіл әлемді сүйсіндірген болатын.

Алайда Пішөнді өткен күзде жергілікті ветеринарлық стансаның қызметкерлері атып өлтірді. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қаңғыбас иттердің кесірінен үйлеріне кіре алмаған тұрғындар арызданғанын, содан кейін ит аулайтын мамандар ұйықтататын дәрі қолданып, иттерді атқанын мәлімдеген еді.

Пішөннің өлімі итті жақсы көретін әлеуметтік желі қолданушыларының қабырғасын қайыстырды.

Сондай-ақ оқыңыз