ҚНРДА Bereke Bank-ке ескерту жасап, Нұрбанкке 14 млн теңге айыппұл салды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Нұрбанк пен Bereke Bank-тің заң бұзғанын анықтады.
Аталған агенттік Нұрбанкке 14,4 млн теңге айыппұл салды. Өйткені, банк қаржы монторингіне жататын қаржы және басқа да мүліктермен жасалған операциялар туралы ақпарат тапсырмаған.
Bereke Bank жазбаша ескерту жасалды. Бұл банк « Банктер және банктік қызмет туралы» заңның 45-1 (қадағалау әрекет ету шаралары) және 46 (қаржы ахуалын жақсарту және тәуекелдерді азайту шаралары) баптарын бұзған. Агенттік оны дереу түзетуге нұсқау беріп отыр.
Мұның алдында бұл агенттік 2024 жылғы Банк секторы активтерінің сапасын тұрақты бағалау нәтижелері бойынша есеп жариялады. Онда тұрақты AQR нәтижелеріне негізделген несиелік тәуекелдің ағымдағы деңгейіне егжей-тегжейлі талдау жасалған.
Тұрақты AQR нәтижелері сектордың жүйелік деңгейдегі тұрақтылығын растаған-ды.
11 банк бойынша капиталдың жеткіліктілік деңгейі 16,3%-ға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш белгіленген нормативтік ең төменгі 5,5%-дық деңгейден едәуір жоғары.
Банктер мен AQR арасындағы резервтерді бағалаудағы айырмашылық 415,1 млрд теңге болған. Екінші сатыдағы қарыз 492,7 млрд теңгеге, 1,5%-дан 3,3%-ға дейін өссе, ал үшінші сатыдағы берешек 327,8 млрд теңгеге, 8,6%-дан 9,8%-ға дейін артқан.