ЕуроОдақ 2025 жылы Украинаға 35 млрд еуро қаржылай көмек көрсетеді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ЕуроОдақ 2025 жылы Украинаға 35 млрд еуро қаржылай көмек көрсетеді
ЕуроОдақ 2025 жылы Украинаға 35 млрд еуро қаржылай көмек көрсетеді / Фото: shutterstock

Еуропалық одақ 2025 жылы Украинаға қорғаныс үшін 35 млрд еуро көлемінде қаржылай көмек көрсетеді. Бұл туралы Еурокомиссияның вице-президенті әрі сауда мәселелері жөніндегі еурокомиссар Валдис Домбровскис айтты. 

«ЕуроОдақ G7 ERA және Ukraine Facility несиелік бастамасы аясында 2025 жылға 35 млрд еуро қаржылық қолдау көрсетеді», – делінген хабарламада.

Домбровскис бұл ақпаратпен Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында бөлісті. Онда ол Украинаның бірінші вице-премьер-министрі Юлия Свириденкомен кездескен.

«Украинамен қарым-қатынасты кеңейту және елдің ЕуроОдақ нарығына жақындауын талқыға салдық», – деді комиссар.

Украина Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы Еуропалық Одақ елдің ең ірі доноры болып, Ukraine Facility қоры аясында 16,6 млрд еуроға қаржылай көмек көрсеткен.

УНИАН агенттігінің жазуынша, 10 қаңтарда Ресейдің Еуропадағы активтерінен Украинаға қаражат бөлу бастамасы аясында елдің бюджетіне 3 млрд еуро келіп түскен. Бұл осы бастама аясында ЕуроОдақтан жасалған алғашқы транш болды.

2025 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкі Украинаға 1,5 млрд еуро инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл елдегі инфрақұрылым мен энергетикалық қауіпсіздік салаларына жұмсалуы тиіс.

Айта кетейік, жақында Ұлыбритания мен Украина қорғаныс серіктестігі туралы 100 жылдық келісімге келген. Келісімге сәйкес, АҚШ Украинаға көмек беруді тоқтатса, Лондон негізгі донорға айналады.

Сондай-ақ оқыңыз