2024 жылы Қазақстанда педофилия бойынша 874 қылмыстық іс тіркелген
2024 жылы Қазақстанда педофилия бойынша 874 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Прокуратура мәліметінше, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға азайған (876-дан 874-ке).
Қылмыстардың жалпы саны азайды
2024 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 5%-ға төмендеген (140 272-ден 132 778-ге). Оның ішінде:
- Адам өлтіру қылмыстары 4%-ға азайған (591-ден 566-ға),
- Денсаулыққа ауыр зиян келтіру 10%-ға төмендеген (1 806-дан 1 627-ге),
- Тонау 24%-ға азайған (2 030-дан 1 551-ге),
- Ұрлық 28%-ға қысқарған (42 639-дан 30 593-ке),
- Мал ұрлығы 31%-ға азайған (1 520-дан 1 051-ге),
- Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2%-ға төмендеген (1 925-тен 1 890-ға).
Интернет-алаяқтық көбейіп жатыр
2024 жылы алаяқтық қылмыстары 0,8%-ға артып, 45 156 жағдай тіркелді (2023 жылы – 44 786). Оның ішінде интернет-алаяқтық 5%-ға өскен (21 777-ден 22 870-ке).
Интернет-алаяқтықтың көп бөлігі телефон арқылы алдау және зардап шеккен азаматтардың атына несие рәсімдеумен байланысты болған. Осыған орай, Бас прокуратураның үйлестіруімен банктер мен байланыс операторларына қатысты 30 қылмыстық іс қозғалған.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде қай қылмыс түрі ең көп таралғаны туралы жазған едік. Алаяқтық, ұрлық, есірткі, адам өлтіру фактілері жиі орын алады