«Ескі көлікпен жүретіндер жаңасын алғанша, айыппұл төлейді»: сенатор Қожаев 5 минуттан артық қыздыру нормасын өзгертуді қолдамады
Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салатын норманы өзгертуді құптамады. Өйткені оның барлығы халықтың игілігі үшін қабылданған заң екенін айтады. Сенатор ескі көлік иелері жаңасын алғанша, айыппұл төлеп жүре тұрсын деген пікірде.
Марат Қожаев көлікті қыздыруға 5 минут молынан жетеді деп санайды.
«5 минут толығымен жеткілікті. Жыл сайын көліктердің техникалық сипаттамасы өзгеріп жатыр. Заманауи көліктер арнайы push-start жүйесімен жабдықталған. Бұл дегеніміз – көлік тоқтаған кезде, мысалы бағдаршамда тежегішті бассаңыз, көлік қозғалтқышы сөнеді. Ал тежегішті жіберсеңіз, қозғалтқыш қайта іске қосылады. Бұл техникалық шешім не үшін қажет? Атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жасалған»,- деді Қожаев Сенат кулуарсында.
Сенатор көлік жүріс кезінде керісінше жылдам қызатынын және ондай жағдайда ауаны ластау мөлшері де аз болатынын айтады. Марат Қожаев аталған норманы өзгертуді қолдамайтынын да ашып айтты.
«Жоқ, мен қолдамаймын. Себебі бұл адамдардың игілігі үшін жасалып жатыр«,- деп жауап берді депутат.
Журналистер Қожаевтан «Жигули, Лада сияқты ескі көліктері бар жүргізушілер не істейді?» деп сұраған еді.
«Иә, көліктердің техникалық жағдайы көңіл көншітпейтін көліктер бар. Олар уақыт өте келе бұл көліктердің пайдалану мерзімі біткенде, техникалық талаптарға сай келетін жаңаларына ауысады. Ал ескі көліктер белгілі уақыттан кейін, қолданыстан шығарылады. Оған дейін егер ережелерді бұзатын болса, айыппұл төлейді«,- деді сенатор.
Естеріңізге сала кетейік, елде көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салатын норма заңда 20 жылдан бері бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ бәріне бас салып айыппұл салынбайтынын, әлдекімнен шағым түсіп, ол дәлелденсе ғана айыппұл қарастырылатынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл норма айыппұл арқылы бюджет түсімін көбейтуді көздемейді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздыруға айыппұл салуға қатысты нормаларды қайта қарау туралы ұсыныс білдірген.