Трамптың санкция туралы ескертуінен кейін, Путин Ресей экономикасына алаңдай бастады
Дональд Трамптың Украинадағы соғыс бойынша Кремль келіссөзсөзге келмесе қатаң санкция салынатыны туралы сөзінен кейін, Ресей президенті Владимир Путин елдің экономикасына алаңдай бастады деп жазады Reuters жағдайдан хабардан дереккөздерге сүйеніп.
Мұнай, газ және пайдалы қазбалар экспортына негізделген Ресей экономикасы 2022 жылы Украинаға басып кіргеннен кейін енгізілген Батыс санкцияларының бірнеше кезеңіне қарамастан, соңғы екі жылда тұрақты өсім көрсеткен.
«Алайда соңғы айларда жұмыс күші тапшылығы мен инфляцияға қарсы күресу үшін енгізілген жоғары пайыздық мөлшерлемелерге байланысты ел ішіндегі экономикалық белсенділік қиындықтарға тап болған. Инфляция рекордтық әскери шығындардың аясында күшейе түсті» деп жазады басылым.
Кремльдің ұстанымымен таныс екі дереккөздің айтуынша, бұл Ресей элитасының бір бөлігінің соғысты келіссөз арқылы реттеудің тиімділігі туралы пікірінің қалыптасуына ықпал еткен.
Ресейдің бұрынғы Орталық банк төрағасының орынбасары Олег Вьюгин Ресей экономикасы қақтығысты дипломатиялық келіссөздер арқылы тоқтатуға мүдделі екенін айтады.
«Әскери және қорғаныс шығындары күрт өскен кезде экономикалық теңгерімсіздік қаупі артып келеді», – дейді ол.
Соғыс мақсаты орындалды
Ресей өткен жылы соғыстың алғашқы күндерінен бері ең ірі аумақтық жетістіктерге қол жеткізіп, қазір Украина аумағының бестен бір бөлігін бақылайды.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, Путин соғыстың негізгі мақсаттарына қол жеткізілгеніне сенімді.
«Ресей мен Қырым арасындағы аумақтарды бақылап, Украинаның әскери әлеуетін әлсіреткеніне Путиннің көңілі толады», – дейді дереккөз.
Бүгінде соғыс шығындары рекордтық деңгейге жеткен. Ресейдің қорғанысқа арналған шығыны ЖІӨ-нің 6,3%-ын құрап, барлық мемлекеттік шығындардың үштен біріне тең.
Дональд Трамп Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең үлкен қақтығысты тез арада шешуге уәде берген. Ол Ресей келіссөздерге келмесе, қосымша санкциялар мен тарифтер енгізілуі мүмкін екенін айтып, Ресей экономикасы «үлкен қиындықтарға» ұшырайтынын ескерткен.