AQR нәтижесі: 11 банктің балансында 2,7 трлн теңге мерзімі өткен берешек бар

2024 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 11 екінші деңгейлі банк арасында AQR (Asset Quality Review) жүргізген. 11 банктің жиынтық активі жүйе активінің 85%-ын құрайды. 2023 жылғы AQR-мен салыстырғанда, AQR аясына енген банктердің несиелік портфелі өскен. Несие портфелінің өсуімен бірге, мерзімі өткен қарыздың көлемі артқан.
Мысалы, Фридом Финанс Қазақстан банкінің несие портфелі +86,6%-ға артты. Ал Банк Центркредиттің несие портфелі 42,2% өсім байқатқан. Home Credit Bank берген несие көлемі бір жылда +38,8% өскен.
AQR деген не?
AQR (Asset Quality Review) – банктердің актив сапасын бағалауға арналған процесс. Бұл банк активтерінің (несиелер, облигациялар және басқа да қаржылық құралдар) сапасын, құнын және тәуекел деңгейін анықтау үшін жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты банктер балансындағы активтердің нақты жағдайын бағалау, активтердің құнсыздану деңгейін анықтау және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Қандай банктер тексерілді?
Реттеуші былтыр 11 банктің жалпы құны 27 трлн теңгеден асатын активінің сапасын бағалаған. Нәтижесінде банк секторының тұрақтылығы расталды. Есепке сәйкес, банктердің жеке капиталының мөлшері жоғары: 11 банк бойынша капиталдың жеткіліктілік деңгейі 16,3%-ды құрады. Бұл белгіленген нормативтік ең төменгі 5,5%-дық деңгейден біршама көп. Банктер мен AQR арасындағы резервтерді бағалаудағы айырмашылық 415,1 млрд теңгені құрады.
Қайтарылмаған қарыз көлемі артқан
11 банктің балансында 2,7 трлн теңге мерзімі өткен берешек бар. Олар бір жылда 327,8 млрд теңгеге өскен.
«Екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) несие портфелінің сапасының жақсарып келе жатқаны байқалады. Бұл жалпы өсім, сондай-ақ банктердің проблемалық қарыз алушылар бойынша қарыздарды есептен шығару, өтеу және провизияларды қалыптастыру жұмыстарының нәтижесі», – деп атап өтті реттеуші.
Сонымен қатар есепте банктер берген бүкіл қарыздың үштен бірі кепілсіз тұтынушылық несие екені жазылған. Қалған бөлігі ірі және шағын бизнеске, сондай-ақ инвестициялық жобаларға берілген.