Қазақстандық стартап 9 млн доллар инвестиция тартты
Қазақстандық CodiPlay стартабы «Series A» қаржыландыру раунды шеңберінде 9 млн доллар инвестиция тартты. Инвесторлар қатарында Катар Ұлттық банкі, белгілі бизнес-періште Кристиан Эйхнер, сондай-ақ Global Capital инвестиция қоры бар деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Бұл қаржыландыру арқылы CodiPlay БАӘ, Сауд Арабиясы мен Катар нарығына шыға алады. Екі жылда компания экожүйесіне осы өңірде 3000 мектепті қосуды жоспарлап отыр.
«Біз инвесторлар тарапынан көрсетілген қолдауға дән ризамыз. Осындай қолдау арқылы біз қарқынды дамып, MENA өңірінде шешімдерімізді сәтті енгізуге мүмкіндік алдық. Мектептегі заманауи білім беру қолжетімді әрі тиімді бола алады», – деп атап өтті CodiPlay жобасының негізін қалаушы Жанәділ Талдыбаев.
CodiPlay – геймификация арқылы балаларды бағдарламауға үйрететін стартап. Балалар оның көмегімен «ақылды үйден» бастап дрондарға дейінгі IoT-гаджеттер негізінде құрылғыларды өз бетінше құрастыра алады.
2021 жылы құрылған уақыттан бастап 13 елдегі 600 мектеппен серіктестік орнатып, жүздеген мың баланы қамтыды. Қазір CodiPlay жобасының құны 100 млн долларға бағаланып отыр.
Осыған дейін қазақстандық Investbanq стартабының әлемдік ІТ нарығындағы жетістігі туралы жазған едік. Инвестициямен айналысуға көмектесетін платформа Meet the Drapers шоуына қатысып, 1 млн долларға таласып жатыр.