БҰҰ Қазақстанның тұрмыстық зорлықпен күресін бағалап, саяси жағдайға алаңдаушылық білдірді

Жарияланды
Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Женевада БҰҰ жанындағы мерзімді әмбебап шолу бойынша жұмыс тобы Қазақстандағы адам құқығы мәселесін қарастырды

Жиында баяндама жасаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстан БҰҰ жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңестің шешуші рөлі мен оның адам құқықтарын орнықтырудағы механизмін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Ол адам құқығын ілгерілету бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларды баян етті.

«Қазақтан суперпрезиденттік басқару формасынан, президенттік басқару формасына өту, күшті парламент, есеп беруші үкімет қалыптастыру бағытында батыл қадамдар жасады. Парламенттің төменгі палатасы аралас тәртіппен жасақтау жүйесіне өтіп, саяси партияларды тіркеу жеңілдеді» деді әділет министрі.

Жиынға қатысқан жұмыс тобының өкілдері Қазақстан өлім жазасына тыйым салып, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылдағанын жоғары бағалады. Сын ретінде елдегі азаптау фактілерінің тыйылмай отырғанын, азаматтар бейбіт жиынға рұхсат ала алмайтынын, сөз еркіндігінің шектелетінін айтты.

Отырыс барысында бірқатар елдердің Қазақстанға білдірген ұсыныстарын келтірелік.

Мәселен, Парагвай өкілі Қазақстанды мигранттар қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық конвенцияны ратификацилауды, тұрмыстық зорлық құрбандарын қорғауды ұсынса, Филиппин президенті Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылдағанын жоғары бағалады.

Польша өкілі ұсталғандарға қатыгездік көрсету, оларды азаптау әрекеттерін тоқтатуға күш салуға шақырды.

Португалия өкілі ЛГБТ құқықтарын қамтамасыз етуді әрі бейбіт жиындарды кедергісіз өтізуге мүмкіндік беруді ұсынды.

Ресей өкілі тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастыруды, отбасы институтын күшейте түсуді ұсынды.

Сингапур мүгедектер құқығын қорғауды жалғастырып, әйелдердің билікке араласуын ілгерілете түсуге шақырды.

Швейцария сандардың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынып, азаматтарды қорқыту әрекеттерінен қорғауға, сөз еркіндігін сақтауға шақырды.

Украина санкция салынған тауарларды Ресейге экспорттауға тосқауыл қоя түсуді ұсынды.

Аустралия азаптау мен сотсыз жазалау фактілеріне, азаматтардың ойын еркін білдіру құқығының тарылып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, адам құқықтарына қарсы қылмыстарды ашық тергеуге шақырды.

Бұған дейін белсенділер Алматыда 8 наурыз күні әкімдік әйелдер митингі мен маршын өткізуге рұқсат бермегеніне байланысты баспасөз жиынын ұйымдастырып, ойын еркін білдіру құқығы шектеліп жатқанын мәлім еткен.

Сондай-ақ оқыңыз