Елшіліктер арқылы шетелдіктерге ЖСН беру қайта жалғасады

Жарияланды
Шетелдіктер енді Қазақстанға арнайы келмей-ақ салық төлеушінің ЖСН-ін алып, өзгерте алады/фото: gov.kz

2024 жылдың аяғынан бастап тоқтап қалған елшіліктер арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін беру қайта жалғастырылмақ. Әзірге еліміздің аумағына уақытша келушілерге беріле бастайды. «Ашық НҚА» порталында осындай бұйрықтың жобасы жарияланып отыр.

Құжат ел аумағына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін ЖСН қалыптастыру және түзетудің пилоттық жобасына арналып отыр. Бұйрыққа сәйкес, олар енді Қазақстанға арнайы келмей-ақ салық төлеушінің ЖСН-ін алып, өзгерте алады.  2024 жылдың соңына дейін шетел азаматтары бұл қызметті еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консульдықтары арқылы алып  келген-ді.

Өткен желтоқсан айында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қызмет көрсетілмейтіні туралы ақпарат жарияланды.

Бұл пилоттық жоба 2024 жылдың 19 наурызынан бастап қолға алынған еді. Дәл осы күні бұйрыққа қол қойылған. Жобаны Қазақстанның үш министрлігі, атап айтқанда,  Сыртқы істер, Ішкі істер және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз