«Магнум», «Смолл» картопты фермерлерден тікелей сатып алады – сауда министрлігі

Жарияланды

Магнум», «Смолл», «Анвар» және «Дина» фермерлерден тікелей 1,5 мың тонна картоп сатып алмақ. Аталған сауда желілері олармен келісімшарт жасауға әзір. Тіпті, өнімді шаруашылықтардан өздері алып кетуді қарастырып отыр.

Бұл жөнінде Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді. Ол ауыл шаруашылығы ведомствосы, әкімдік, сауда желілері және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өкілдерімен бас қосып, нарықты картоппен қамту, бағаны тұрақтандыру мәселесін талқылаған.

Айжан Бижанованың пікірінше, әкімдіктер өзі басқарып отырған аймаққа қанша картоп қажет екенін, оның қаншасы сауда желілеріне жіберілуі керек екенін нақты көрсетуі керек.

«Бұл сұранысты дереу қанағаттандыру үшін маңызды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен сауда нүктелері арасында тығыз байланыс орнату қажет», – деп атап өтті сауда және интеграция бірінші вице-министрі.

Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тізбегі бар. Онда делдалдық схемалар көрсетілген. Мұны зерттейтін өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту қажет.  Сонымен қатар, ол фермерлермен жұмыс жүргізуге, картоптың және өзге де өнімдердің көтерме бағасын негізсіз өсуіне жол бермеуге шақырды.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, биыл Сауда комитетінің өңірлік департаменттері 20 өңірлік тексеріc жүргізіп, 49 заң бұзушылық анықтаған. Соның бірі – картоптың сауда үстемесінің 15%-дан арттырылғаны тіркелген.

Мұның алдында Астана әкімдігінің бұйрығымен, супермаркеттерде бір адамның тек қана 5 келі картоп сатып алуына рұқсат етіліп отыр. Бұл шараның бағаны тұрақтандыру үшін қабылданғаны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз