2025 жылы ҰОС ардагерлеріне ай сайын 62 мың теңге жәрдемақы төленеді
2025 жылы ҰОС ардагерлеріне ай сайын 62 мың теңге жәрдемақы төленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 85 203 ардагер өмір сүреді. Олардың ішінде:
- Ұлы Отан соғысының (ҰОС) 120 ардагері;
- Жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 16 983 адам;
- Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының 26 506 ардагері;
- ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен 41 594 адам бар.
2024 жылы ардагерлердің осы санаттарына жалпы сомасы 16,7 млрд теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленген. Ал 2025 жылы бұл мақсаттарға 17 млрд теңге қарастырылып отыр.
Ардагерлерге арналған әлеуметтік төлемдер
Республикалық бюджеттен берілетін ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санаттарына төленеді. Бұл төлемдер өзге әлеуметтік жәрдемақылардан тәуелсіз түрде беріледі. 2025 жылы ардагерлерге арналған төлемдердің мөлшері төмендегідей белгіленген:
1. Ұлы Отан соғысы ардагерлері – 16 АЕК (62 912 теңге).
2. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар:
- Жарақат, контузия немесе ауру салдарынан мүгедектік алғандар – 7,55 АЕК (27 875 теңге);
- Жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер – 6,19 АЕК (24 339 теңге).
3. Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері:
- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК (24 339 теңге);
- Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауға, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы қақтығыстарды реттеуге қатысқан әскери қызметшілер – 4,8 АЕК (18 874 теңге).
4. ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 2,13 АЕК (8 376 теңге).
Сонымен қатар, министрліктің мәліметінше, 2025 жылы 9 мамыр Жеңіс күніне орай ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңгеден беру жоспарланып отыр.