Қор нарығына шолу: чип өндірушілердің акциялары арзандап жатыр, дамушы елдердегі капитал ағыны тоқтап қалуы мүмкін
Чип өндірушілердің акциялары төмендеді. JPMorgan болжамынша, дамушы елдерге капитал ағынының тоқтауына тап болуы мүмкін. АҚШ-тың еңбек нарығы әлі де тұрақты. 23 қаңтардағы әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.
Чип өндірушілердің акциялары арзандап жатыр
Yahoo Finance-тің мәліметінше, графикалық процессорлар жасайтын Nvidia-ның акциялары алдыңғы күні 2%-ға төмендеді. Бірақ сауда соңында шамалы өсіп, 0,1%-ды көрсетті. Ал микросхемалар өндіретін британдық Arm-ның акциялары 7,4%-ға арзандады. Бұған жартылай өткізгіштер қорына қатысты инвесторлардың алаңдаушылығы әсер етті.
Оңтүстіккореялық SK Hynix компаниясы төртінші тоқсанның табысы болжамнан асып түскенін хабарлады. Алайда қаржы директоры Хен Ким 2025 жылы жадқа деген сұраныстың белгісіз болатынын мәлімдеді. Ол геосаяси жағдайларға алаңдайтынын айтқан.
Оның бұл мәлімдемесі инвесторлардың алаңдаушылығын тудырды. SK Hynix Micron-ның акциялары 2,6%-ға, ал бәсекелестері Nvidia мен AMD-ның акциялары тиісінше 0,57% және 0,26%-ға арзандады.
Дамушы елдердегі капитал ағыны тоқтап қалуы мүмкін
JPMorgan инвестициялық банкі дамушы нарықтарға капитал ағынының тоқтап қалу қаупі туындап отырғанын ескертті. Бұл жағдай АҚШ экономикасының күшеюіне және кедей елдерден қаржының кері кетуіне байланысты туындап отыр.
Банк есептеулері бойынша, өткен тоқсанда Қытайды қоспағанда дамушы экономикалардан «таза капиталдың кетуі» 19 млрд долларды құраған. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш тағы 10 млрд долларға жетуі мүмкін. Яғни, Қытайдан басқа дамушы елдердің барлығы кенеттен тоқтап қалудың алдында тұр.
Сарапшылардың пікірінше, капитал ағындарының баяулауы жаһандық қаржылық жағдайлардың қатаңдауымен байланысты.
Дегенмен, сарапшылар әлемдегі экономикалардың дені бұл соққыға төтеп бере аларына сенімді. Алайда Румыния, Малайзия, Оңтүстік Африка және Венгрия сынды елдерге қиын тиюі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
АҚШ-тағы еңбек нарығы тұрақты
Жаңа деректер жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға берілген өтініштердің шамалы өскенін көрсетті. Бұл АҚШ-тағы еңбек нарығының тұрақты екенін айғақтайды, деп хабарлады Reuters.
Бейсенбіде жарияланған Еңбек министрлігінің есебіне сәйкес, бір апта ішінде өтініштер саны маусымдық өзгерістерді ескергенде 6 мыңға өсіп, 223 мыңға жеткен. Reuters-тің консенсус-болжамы 220 мыңды құраған болатын.
«Кейбір салаларда жұмысқа қабылдау қарқыны баяулап отыр. Деректер еңбек нарығының аз ғана қысымға ұшырағанын көрсетеді. Жалақы өсімі инфляция қарқынынан жоғары болғанға дейін экономика дамиды, ал ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерді аса көп төмендетпейді», – деді LPL Financial-дың бас экономисі Джеффри Роуч.
Еңбек нарығындағы тұрақтылық ФРЖ-ны ақша-несие саясатын жеңілдетуді тоқтатуға итермелеген факторлардың бірі болды. Биыл негізгі мөлшерлемені екі рет қана төмендету күтіліп отыр.
Electronic Arts акциялары 19%-ға құлдырады
Electronic Arts (EA) компаниясының акциялары бейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша 16,7%-ға арзандады, деп хабарлады CNBC. Бұл көрсеткіш доткомдар дәуіріндегі құлдыраудан кейінгі ең нашар күндердің бірі. Әрі 1990 жылы компанияның биржадағы дебютінен бері үшінші ең ірі құлдырауы ретінде тіркелді.
Бейнеойындарды шығару және таратумен айналысатын компания алдағы қаржылық нәтижелер бойынша болжамын төмендетті. Бұған футбол тақырыбындағы ойындарға деген қызығушылықтың төмендеуі себеп болды. Үшінші қаржылық тоқсанда EA кірісі шамамен 1,88 млрд долларды құраса, бір акцияға шаққандағы кіріс 1,11 долларға тең болды.
Болжам бойынша, наурыздың 31-інде аяқталатын қаржылық жыл ішінде таза тапсырыстар 7 млрд-тан 7,15 млрд долларға дейін жетеді деп күтіліп отыр.
Сарапшылар компанияның акцияларын ұстауға кеңес береді. Сатып алуға да шақырып отырған жоқ.